Қазақстанда баланы мектепке бермеуге бола ма?

Қазақстанда баланы мектепке бермеуге бола ма?
Фото: massaget.kz/Ернар Алмабек

Желіде қазақстандық коучтің баласын мектепке бермейтінін, оның орнына курстарға беретінін айтқан видео тарады. Осыдан "Қазақстанда баланы мектепке бермеуге бола ма" деген сұрақ туындады. Бұл жайлы Massaget.kz тілшісі заңгер Думан Көпбаевтан сұрады.

Баланы неше жастан бастап мектепке беруге болады?

2019 жылдан бастап Қазақстанда "Қазақстан Республикасындағы білім туралы" Заңына енгізілген түзетулер күшіне енді, оған сәйкес 6 жасқа толған балалар мектепке баруы керек.

Егер бала желтоқсан айының аяғында 6 жасқа толатын болса, Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері балаларды 5 жастан бастап та бірінші сыныпқа қабылдай алады.

Ата-ана баласын мектепке бермесе...

Заңгер Думан Көпбаев баланы мектепке бермесе, ата-анаға айыппұл салынатынын айтты.

"Заңда бала 6 жасқа толғанда мектепке бару керек деп жазылған. Алайда ата-ананы баласын дәл 6 жаста мектепке беруге міндеттемеген. Жалпы баланы мектепке бермесе, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" заңның 409-бабының 2-тармағына сәйкес, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады", - дейді заңгер. 

Алайда заңгер ерекше жағдайлар болатынын ескертті.

"Сондай-ақ "Неке және отбасы туралы" заңда да ата-аналарды баланы мектепке беруге міндеттейді. Бұл жауапкершілік. Сондықтан ата-ана баласын мектепке бермесе, оларға айыппұл салынады.

Негізі баланы 6 жастан бастап мектепке беру керек деп жазылған. Алайда әр бала әртүрлі. Кей балалар ерте, ал басқалары кеш жетіледі. Сондықтан кейде мысалы, 8 немесе 9 жастағы балалардың жағдайы психолог-педагог маманының кеңесімен және сараптама тағайындау арқылы шешіледі", - дейді ол.

Бірінші сыныпқа баратын бала не істей алуы керек?

  • Бала тегін, атын, қанша жаста екенін, ата-анасының атын, қайда жұмыс істейтінін, тұрғылықты мекен-жайын біледі;
  • Ол барлық дыбыстарды оқиды, толық сөйлеммен қойылған сұрақтарға жауап беруді біледі, 3-4 сөйлемнен тұратын әңгімелер құрастырады;
  • Тыңдалған әңгіме, ертегі және басқа шығармалардың мазмұнын айта біледі;
  • 1-ден 20-ға дейін санай алады;
  • Геометриялық фигураларды атай алады;
  • Бағытта барлауды біледі (оңға, солға, жоғарыдан төменге және т.б.);
  • Ол түстерді ажырата біледі, "бояғыштар кітабын" түрлі-түсті қарындаштармен немесе бояулармен өз бетінше үлгі контурынан шықпай бояйды және т.б.

Бұл көрсеткіштер балаңыздың мектепке баруға дайын екенін көрсетеді. Егер балаңыздан жоғарыда аталған дағдыларды байқамасаңыз, уайымдамаңыз, мұғалімдер бірінші сынып оқушыларына мектеп өміріне бейімделуге көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Баланың 1-сыныпқа дайын екенін 15 минутта қалай білуге болады? (тест)

Мектепте оқудың пайдасы

Мектеп - білім мен тәрбие ордасы. Алайда бала мектептен тек білім алып қана қоймай, басқа да пайдалы дағдыларды үйренеді.

Ой-өрісінің кеңеюі

Бала мектепте жазуды, оқуды және санауды ғана үйреніп қоймайды. Мектепке барудың артықшылығы - баланың өмірдің әр саласынан базалық білім алуы. Осылайша, баланың жүйелік ойлауы қалыптасады. Бала салыстыруды, заттар мен құбылыстарды бір-бірімен байланыстыруды және қорытынды жасауды үйренеді.

Қоғамға үйрену

Адамдармен араласуды ешбір репетитор үйрете алмайды. Мектепте бала құрдастарымен араласуды және олармен келісімге келуді үйренеді. Дос болу, араласу - адам қажеттіліктерінің бірі. Қоғамда өмір сүруді үйренбеген адамның бақытты болуы және жетістікке жетуі қиын. Лидер - өзінің айтқанын орындататын емес, артынан адамдарды еріте алатын, басқалардың идеясын жүзеге асыруға көмектесетін және қажет кезде мотивация бере алатын адам.

Төзімділікке және зейін қоюға жаттығу

Балаларға бастапқыда күн тәртібін сақтау қиын. Оларға қайта-қайта еске салып отыру керек. Сабақтың соңына дейін отыруды және мұғалімді мұқият тыңдауды үйрену арқылы олар өзінің төзімділігін жаттықтырады.

Дербестік

Бала бірінші сыныпқа енді барғанда сөмкесін өздігінше жинай алмайды, үйге дейін өзі келе алмайды және өз бетінше сабақ оқи алмайды. Алайда уақыт өте келе барлығын өз бетінше жасауды үйренеді. Күнделікті азғантай қиындықтарды жеңе отырып, ол біртіндеп дербес бола түседі және есейеді.

Еске салайық, биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін қандай құжаттар керегін мына жерден оқи аласыз.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова