Елімізде Kazakhstan Kids Online зерттеуінің қорытындысы жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ауқымды зерттеуді министрлік пен ЮНИСЕФ-пен бірлесе жүргізген. Ол цифрлық әлемде балалар үшін қауіпті азайтуды, қолдау стратегиясын әзірлеуді көздейді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда балалардың 5 пайызы интернетке 4 жастан бастап, кей жағдайда одан ерте кіреді. Сондай-ақ, 9-10 жас аралығындағы балалардың 60 пайызы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66 пайызының әлеуметтік желілер мен ойын платформасында парақшалары бар.
"Ең алаңдатарлық тұжырымның бірі балалардың 15,3 пайызы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Бұл балалардың 11,7 пайызы қатты күйзеліске ұшыраған. Сондықтан жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтуді тез арада қолға алу керек", - деп жазылған хабарламада.
Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1 пайызы) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді. Ата-аналардың 17,6 пайызы ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиян материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланады. Демек, еліміздегі ата-аналардың аз бөлігі ғана баласы интернеттен не көретінін бақылайды.
Осыған байланысты Балалардың құқығын қорғау комитеті ата-аналарға "Ата-ана бақылауы" мобильді қосымшасын ұсынады. Бұл - онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құрал. Мобильді қосымшаны Play market және App store платформаларынан жүктеуге болады.
"Ата-ана бақылауы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жалпы стратегиясының бір бөлігі ғана. Балалармен ашық сөйлесу, олардың онлайн өмірін үнемі талқылау маңызды. Біз ата-аналар, педагогтер, АКТ мамандары, БАҚ өкілдері интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды роль атқаратынына сенімдіміз", - деді Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!