Қазақстанда бала асырап алу үшін ата-анаға қандай талаптар қойылады?

Егер сіз белгілі бір бала үшін жауапкершілікті толық өзіңізге алып, оған өзіңіздің тегіңіз бен әкесінің аты, мұра алу құқығын бергіңіз келсе, онда бала асырап алған жөн. Бала асырап алудың өз талаптары, тәртібі және қажетті рәсімдері бар, бірақ мұны барлығы бірдей біле бермейді. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі Қазақстанда бала асырап алудың егжей-тегжейін анықтап көрді. 

ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексіне сәйкес бала отбасыға асырап алуға, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын отбасыға беріледі. Баланы асырап алу (ұл, қыз) - сот шешімі негізінде баланы (балаларды) отбасыға тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны.

Қандай баланы асырап алуға болады?

Осы Кодекстің 84-бабына сәйкес, асырап алынатын баланың ата-анасының бірі немесе екеуі де:

  • қайтыс болған;
  • баладан бас тартқан;
  • ата-ана құқықтарынан айрылған;
  • сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
  • белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.

Сонымен қатар, туу туралы дұрыс тіркелген кәмелетке толмаған баланы ғана асырап алуға болады. Баланың жасына, жетілу дәрежесіне және келісіміне де мән беріледі. Егер ата-ана баладан бас тартатын болса, туыстары баланы азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамай-ақ асырап ала алады. 

Бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімі?

Азамат баланы асырап алу үшін "электрондық үкіметтің" веб-порталы, яғни "egov.kz" арқылы "бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қоюға" өтініш береді.

Өткізілуі тиіс құжаттар тізімі:

  • Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қою туралы өтініш;
  • жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімінің электрондық көшірмесі;
  • жиынтық табыстың мөлшері туралы анықтаманың электрондық көшірмесі (жұмыс орнынан еңбекақысы туралы, Кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен табыстары және некеде тұрған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мен жұбайының (зайыбының) өзге де табыстары туралы анықтама);
  • көрсетілетін қызметті алушының және егер некеде тұрса жұбайының (зайыбының) «Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген тізбеге сәйкес ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтаманың, сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен бекітілген нысанға сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі;
  • көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) жұбайының (зайыбының) тұрғын үйін пайдалану құқығын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (тұрғын үйге меншік құқығы болмаған жағдайда);
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың психологиялық дайындықтан өткені туралы сертификаттың (жақын туыстарын қоспағанда) электрондық көшірмесі.

Мемлекеттік мекеме қызметкері 2 жұмыс күні ішінде сіздің өтінішіңіз бен өткізілген құжаттың толықтығын тексереді. Содан кейін өкілетті орган 3 күн ішінде өтініш берушінің тұрғын үйіне тексеріп, акт жасағаннан кейін, келесі 3 жұмыс күні ішінде азаматтардың бала асырап алуға кандидат болу мүмкіндігі туралы қорытынды шығарады. Бала асырап алу туралы шешім шыққаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде электрондық құжат нысанында өтініш берушінің порталына қорытынды туралы хабарлама жіберіледі. 

Бала асырап алуға әрбір кандидатқа республикалық деректер банкінде сауалнама толтырылады.

Асырап алынған баланың аты-жөні-тегі

Кодекстің 97-бабына сәйкес асырап алынған баланың аты, әкесінің аты (бар болса) және тегі сақталуы мүмкін.

Алайда асырап алушы оны өзгерткісі келсе, өтініш жазу арқылы балаға асырап алушының тегі, көрсеткен есімі беріледі. Асырап алу құпиясын талап ететін жағдайларды қоспағанда, 10 жасқа толған асырап алынған баланың атын, әкесінің атын және тегін өзгерту оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.

Бала асырап алушыға мемлекет тарапынан көрсетілетін қандай да бір көмек пен жәрдемақы бар ма?

Бала асырап алушы мемлекеттен 75 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады. Сонымен қатар, егер олар жаңа туған сәбиді асырап алса, декреттік төлем мен бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға құқылы.

Сондай-ақ, кейбір жағдайларда қосымша жәрдемақылар қарастырылған:

  • бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушысы емес;
  • отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, балаларға арналған жәрдемақы;
  • мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.

Тағы да оқи отырыңыздар: Тіс ауруын қалай басуға болады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!