Қазақтың дәстүрлі отбасылық танымында бала асырап алу салты бұрыннан бар. Бұл отбасылық құндылық астарында қазақтың "жетімді жылатпайын" деген дархан көңілі жатқаны жасырын емес. Халқымыз ежелден отбасындағы қарым-қатынасқа, туыстық байланысқа, ағайынның тату болуына, балалардың от басы, ошақ қасында өнегелі тәрбие алуына зор мән берген. Яғни осындай пайымнан туған салттың бірі - асырап алу. Ата-бабамыз баланың ата-анасы қайтыс болған жағдайда немесе басқа да себептермен оны асырап алып, болашақта жақсы азамат болып өсіп-өнуіне күш салған. Massaget.kz тілшісі этнограф-ғалымдардың, соның ішінде Халел Арғынбаевтың еңбектеріне шолу жасап, ертеде қазақтар қандай жолмен бала асырап алғаны туралы қызық деректерді жинады. Сонымен қатар, кейінгі жылдардағы статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай көмек көрсетіліп жатқанын анықтады.
Қазір бала асырап алу процесі қалай жүзеге асырылады?
Қазір де бала асырап алудың заңды және құқықтың жолынан белгіленген талаптары бар. egov.kz мәліметтеріне сүйенсек, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексіне байланысты баланы асырап алуға немесе патронаттық тәрбиеге беруге рұқсат етіледі.
Кодекстің 84-бабына сай баланың ата-анасы қайтыс болса немесе ата-ана баладан өз еркімен бас тартса, қандай да бір себептермен ата-ана құқығынан айырылса, сот шешімі бойынша ата-анасы із-түссіз кеткен жағдайларда баланы асырап алуға рұқсат беріледі.
Ал мемлекет тарапынан бала асырап алған отбасыларға көмек көрсетіледі. Мәселен, Үкіметтің 2014 жылғы 10 шілдедегі №787 қаулысы негізінде баланы асырап алған адамға бірретік қаржылай көмек беріледі. Бұл көмек 75 АЕК мөлшерінде болады.
Кейінгі статистика қандай?
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның былтырғы есебіне сүйенсек, елімізде бала асырап алу мәселесінің құқықтық талапқа сай болуына және заңсыз бала асырап алу дерегіне қатысты да жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. 2015 жылдан бастап 2021 жылға асырап алуға берілген берілген өтініштің 5,8 пайызы некесіз туған балаларды асырап алуға байланысты заңды ерлі-зайыптылар тарапынан түскен. Нәтижесінде сот шешімімен арыздардың 97 пайызы қанағаттандырылған.
Қазақ ертеде қандай жағдайда бала асырап алған?
Халел Арғынбаев "Қазақтың отбасылық дәстүрлері" атты монографиясында қазақ ертеде өз кіндігінен туған баласы болмаған жағдай бала асырап алғаны айтылады. Мұндай адамды халық "қу бас" деп атайтын болған. Осылайша, ер адам бала сүю мақсатында бірнеше әйел де алатын болған. Ал бала шетіней берсе немесе тоқал ала алмаса, бала асырап алатын болған.
"Баласы барлар да бала асырап алған"
Кейбір жағдайда баласы бар адамдар да бала асырап алатын болған. Яғни кәсібін жүргізуде балаларына серік болсын деп немесе жетім қалған ағайын-туыстың баласына қарайласу мақсатында асырап алған. Тағы бір себеп туған-туыс арасындағы арасы үзіліп тұрған байланыс жаңғырсын деген мақсаттан туындаған. Осылайша, асырап алынған бала екі ортаның арасын жалғайтынына сенген.
Қазақ кімнен бала асырап алған?
Деректерде баласы жоқ адамдар әдетте ет жақындарынан болмаса аталас ағайындардан бала асырап алғаны келтіріледі.
"Бала асырап алғанда орындалатын ғұрып болған"
Этнограф Халел Арғынбаев деректерінде бала асырап алған кезде орындалатын ғұрып түрі кездеседі. Ертеде қазақтар бала асырап алған кезде той жасап, ер бала болса, асық жілік, егер қыз бала болса, тоқпан жілік ұстатқан. Деректерде бұл жұрт ішінде баланы асырап алды деп бөлмеуі үшін жасалғаны айтылады. Сондай-ақ, ана сүтін еметін жастан кетсе де бала асырап алған әйелдің омырауына баланы жанастырса, ана сүтін емгенмен бірдей болады екен.
Қазақ тек тазалығына, қан тазалығына зор мән берген. Сондықтан асырап алынған бала болса да өгей әкесінің туыстарына қосылуға рұқсат берілмеген. Сондай-ақ, асырап алынған бала отбасының қалған мүшелерімен бірдей құқыққа ие болған.
Асырап алынған бала қандай жағдайда үйіне қайтарылған?
Асырап алынған бала кей жағдайда кері қайтарылып отырған. Мәселен, ұлын берген үйде басқа бала қайтыс болып, оның әйелі жесір қалса, асырауға берген ұл өз үйіне қайтарылған. Екі жақ та бұған қарсы болмаған. Сондай-ақ, бір үйдің ұзатылғалы отырған қызы қайтыс болып, асырауға берген қыз әлі тұрмыс құрмаған болса, сол қыз өз үйіне қайтарылып, ұзатылатын болған.
Демек, ата-бабадан бері жалғасқан игі мақсаттан туған бұл іс бүгін де мемлекет тарапынан бақылауға алынғанын, заңмен қадағаланатынын байқауға болады. Сондай-ақ, бала асырап алған отбасыларға да жан-жақты көмек көрсетіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!