Қазақстанда Baiqonyr халықаралық кинофестивалі басталды

Қазақстанда Baiqonyr халықаралық кинофестивалі басталды
Фото: Baiqonyr кинофестивалінің баспасөз қызметі

3-8 қыркүйек аралығында Алматыда тоғызыншы рет BAIQONYR халықаралық кинофестивалі өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін кинофестивальдің алғашқы күні өтті. Фестиваль қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың "Айқай" фильмімен ашылды. Еске салайық, фильмнің халықаралық премьерасы Пусан халықаралық кинофестивалінде өткен. 

Биылғы фестиваль қатысушылар арасында жоғары қызығушылық тудырып, оған қатысуға 670-тен астам өтінім келіп түскен. 

Baiqonyr - Орталық Азиядағы дебюттік және қысқаметрлі фильмдер бойынша өтетін бірегей халықаралық фестиваль. Фестиваль ресми демеушісі - MEGA Alma-Ata сауда орталығындағы Chaplin Cinemas кинотеатры, көрсетілімдер осында өтеді. 

Фестиваль үш бағытты қамтиды: қысқаметрлі көркем фильмдер халықаралық байқауы, көркем және деректі фильмдер ұлттық байқауы және бұған дейін "көркемсуретті дебюттік фильмдер" бағдарламасы ретінде өткізіліп келген бағыт, биыл бөлек байқау ретінде қарастырылады.

Киносарапшы және фестивальдің бағдарлама директоры Ержан Жұмабековтің айтуынша, 20 елден келіп түскен 670 өтінімнің ішінен фестивальде байқау бағдарламасына қатысатын 33 фильм іріктеліп алынған. Байқауға Қазақстан, Грузия, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей сияқты елдердің өкілдері қатысты.

Ұлттық байқауға Қазақстаннан 150 ден астам өтінім түсіп, оның ішінде 17 фильм байқау бағдарламасына өткен. 

"Қатысушылар арасында студенттер де, белгілі жас режиссерлер де бар. Фильмдер түрлі жанрды қамтығаны қуантады. Әлеуметтік драмалармен қатар, хоррор, мюзикл, триллер жанрында түсірген фильмдер де бар. Байқауға қатысқан фильмдерде көбіне өзін-өзі тану және отбасы құндылықтары тақырыптары қамтылған", - дейді Ержан Жұмабеков.

Биылғы бағдарламаның ерекшелігі– толықметрлі фильмдердің дебюттік байқауы енгізіліп отыр.

"Байқау алдында біз фильмдерді іріктеп, панорамалық көрсетілімдер өткіздік. Бастамасы жақсы болады деп үміттенеміз және байқауға қысқа және толықметрлі фильмдер қатысады", - деді Жұмабеков.

Еске салайық, фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен өтеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева