Қазақстанда баға, айыппұл, ипотека бойынша шұғыл шешім қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында кеңес өткізді. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар маңызды шешім қабылданды.
Үкіметтің баспасөз қызметі
Бензин мен дизель отыны бағасын көтеруге мораторий енгізіледі
Биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі. Премьер-министр Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қадағалауды, сондай-ақ, ішкі нарықты ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қабылдауды тапсырды.
Tengrinews.kz/Маржан Қуандықова
Коммуналдық қызмет тарифі бойынша
Биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушы үшін коммуналдық қызмет тарифін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады.
depositphotos.com
ШОБ бойынша
Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Тыйым салынған тізімде қолданыстағы заңнамадағыдай тек 44 қызмет түрі сақталады.
Midjourney
Одан бөлек 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру "таза парақтан" жүргізіледі, бұл микро және шағын бизнеске қатысты мына жайттарды көздейді:
- салық тексерістері алып тасталады;
- камералдық бақылау алып тасталады;
- сот органдарына мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады;
- сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады.
Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар, айыппұлдар 2026 жылғы 1 сәуірге дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Ипотекалық бағдарламалар бойынша
Базалық мөлшерлеме көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстар қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды.
Midjourney
"Халық үшін ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды, бұл тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шара қолданыстағы "Наурыз" және "Наурыз-Жұмыскер" бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту жолымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, сұранысқа ие "Әскери баспана" бағдарламасы қайта іске қосылады, ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберінде салынатын тұрғын үй құрылысы бойынша офтейк-келісімшарттар жасалады. Бұл ретте құрылыс салушылар үш жылға бағаны өзгертпей ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды", - деп жазылған хабарламада.
Көлік сатып алу бойынша
Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл көлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады. Жеке тұлғаларға жеңіл көлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі.
Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
"Бұл азаматтардың көлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова