Қазақстанда азық-түлік пен қызмет бағалары өсті – Ұлттық банк

Қазақстанда азық-түлік пен қызмет бағалары өсті – Ұлттық банк
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Сәуір айында Қазақстандағы жылдық инфляция 10,7 пайызды құрады (наурызда – 10 пайыз), - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елдің 18 өңірінде жылдық инфляцияның үдеу фактісі тіркелген. Ең жоғары жылдық инфляция Астанада байқалды – 13,8 пайыз.

Сәуірде азық-түлік тауарларына баға өсімі 8,5 пайызға дейін үдеді (наурызда – 7,6 пайыз). Азық-түлік тауарларындағы ең жоғары баға өсімі Ақмола облысында тіркелді – 11,2 пайыз, ең төмені – Қызылорда облысы мен Алматыда (6,8 пайыз).

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны сәуірде 8,9 пайызға дейін баяулады (наурызда – 9,1 пайыз). Бұл топтағы ең жоғары өсім Түркістан облысында байқалды – 14,8 пайыз, ең төменгісі – Павлодар облысында – 5,9 пайыз.

Төлемді қызметтер бағасы сәуірде 15,7 пайызға дейін өсті (наурызда – 14,3 пайыз).

"Республика бойынша орташа деңгейден айтарлықтай жоғары баға өсімі Алматыда тіркелді – 20 пайыз, ал ең төменгі көрсеткіш Павлодар облысында – 8,6 пайыз", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Сәуір айында ел бойынша айлық инфляция 1,2 пайызды құрады.

Бұған дейін Қазақстанда инфляция 16 айлық максимумға жеткені хабарланған болатын. Наурыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 2023 жылғы қарашадан бергі ең жоғары көрсеткішке жетіп, 10 пайызды құрады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget