Қазақстанда азық-түлік арзандауы мүмкін

Елімізде азық-түлік арзандауы мүмкін. Кеше, 2 наурызда Сенатта қаржы министрі осындай болжам жасады. Бұл доллар бағамының түсуіне байланысты. Осыған дейін америкалық валюта көтерілгенде ас-судың, әсіресе импорт тауарлардың бағасы шарықтаған. Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев алдағы екі-үш айда инфляция да төмендейді деп сендіріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

"Осы айларда инфляция шарықтау шегіне жетті, 20 пайыздан асты. Екі-үш айдан кейін төмендейді. Қазірдің өзінде біз нақтыланған бюджетте инфляция деңгейін 7,5-9,5 пайыз деп көрсеттік. Сол бойынша жұмыс істейтін боламыз. Жалпы, бағаның төмендеуін болжап отырмыз", - деген еді Жамаубаев. 

Телеарна мәліметінше, 1 наурыздан бері қор биржасында АҚШ ақшасының айтарлықтай арзандағаны байқалған. Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар сату бағамы бүгін 442 теңге 25 тиын, ал сатып алу 438 теңгенің айналасында. Ал оның азық-түлік құнына әсер етуі үшін экономистер теңгенің нығаюы уақытша құбылыс болмауы керегін айтады. Олардың болжамы бойынша, дүкен сөрелеріндегі бағаның түсуіне жарты жылдай уақыт қажет.

"Бастысы, доллар бағамының әрі қарай да төмендеуінде. Егер теңге бірнеше ай бойы күшеюін жалғастырса, сол кезде ғана бағаға қандай да бір әсерін байқайтын боламыз. Мұндай тәжірибе қазақстандықтарға бұрыннан белгілі. Кем дегенде жарты жыл керек. Теңгенің күшеюі бір сәттік емес екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуі қажет", - дейді экономика сарапшысы Андрей Чеботарев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!