Қазақстанда 1100-ден аса мемлекеттік мекеме, оның ішінде мектептер, балабақшалар, ауруханалар, балалар үйі және т.б. азық-түлікті жоғары бағамен сатып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі азық-түлік бағалары көтерілген 817 жағдайды анықтаған, оларға қатысты материалдар өңірлік комиссияларға тапсырылды.
"685 мекеменің мемлекеттік сатып алу келісімшарттары қайта қаралып, нәтижесінде 370 млн теңгеден аса қаржы үнемделді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 69 тиімсіз делдал шеттеліп, 600 әкімшілік хаттама толтырылды, 11 млн теңге көлемінде айыппұл төленді", - деп жазылған хабарламада.
Ақтөбе облысындағы 80 балабақшада қарақұмықтың, картоптың, сәбіздің, қанттың, жұмыртқаның және тұздың бағасы төмендетілген. Мұнда бір кәсіпкер балабақшаға қарақұмықтың бағасын 500 пайыздан аса көтеріп жеткізіп берген.
Қостанайда 117 әлеуметтік мекеме қарақұмықты, қантты, пиязды, картопты және жұмыртқаны 180 пайызға дейін үстемеақы қосып сатып алғаны анықталды. Кейін 60 млн теңгеге жуық қаржы үнемделді.
Осындай жұмыстар Астанада және Қарағанды облысында 175 балабақшада да жүргізіліп, 100 млн теңгеден аса қаржы үнемделді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова