Қазақстанда айналымға жаңа ерекше коллекциялық монета шығады

Қазақстанда айналымға жаңа ерекше коллекциялық монета шығады
Фото: Қазақстан Ұлттық Банкі

4 қарашадан Қазақстан Ұлттық Банкі "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" монеталар сериясынан MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Монеталардың сатылымға қашан шығатыны ҚҰБ-тың ресми сайтында жарияланады. 

Ведомство мәліметінше, монета Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай шығарылған. 

  • Монета бет жағының орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы, оның сол жағы мен оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген. Айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деп жазылған. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуы бар.
  • Монета сырт жағының орталық бөлігінде Мәншүк Мәметованың мүсіндік портреті, оның сол жағында - КСРО Батырының алтын жұлдызы, сондай-ақ, туған жылы мен мерейтойлық күнді білдіретін "1922" және "2022" деген жазулар бар. Оң жағында Мәншүк Мәметова ерлік жасап, қаза болған "НЕВЕЛЬ" қаласының картасы мен жазуының стильдендірілген бейнесі берілген. Монетаның жоғарғы бөлігінде "Кеңес Одағының Батыры" деген жоғары мемлекеттік наградасына ұсыну анықтамасының айшықты мәтіні басылған.

"Номиналы 100 теңгелік MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық монеталары brilliant uncirculated сапасында мельхиор қоспасынан тұрады, массасы - 15 грамм, таралымы - 15 000 дана", - делінген хабарламада.

Коллекциялық монеталар белгіленген құны бойынша Қазақстан Республикасының аумағында барлық төлем түрі бойынша, сондай-ақ, банк шоттарына есептеу үшін, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға міндетті. Коллекциялық монеталар Қазақстанның теңге сарайында жасалған.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек