Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы ұлғаймақ

Мәжіліс дәлізінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай елдегі әйелдердің зейнет жасы туралы айтты. Оның сөзінше, зейнетке шығу жасын ұлғайту жалғасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Виктория Шегай бұған дейін әйелдердің зейнет жасын көтеру уақытша тоқтатылғанын еске салды.

"Бірақ ол қолданыстағы заңнама аясында ерлермен тең дәрежеге, яғни 63 жасқа дейін біртіндеп көтеріледі", - деді вице-министр.

Ол бұл шара болашақ зейнетақы төлемінің көлеміне де байланысты екенін мәлімдеді. Азаматтар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым ұзақ қатысса, оның болашақ зейнетақысы соғұрлым жоғары болады.

Сонымен қатар, Қазақстанда егде жастағы әйелдерді жұмыспен қамту шаралары күшейтіліп жатыр.

"Егде жастағы әйелдерді жұмысқа орналастыруға көмектесетін "Күміс жас" бағдарламасы қолға алынды. Жұмыс берушілер тәжірибелі қызметкерлерді тартуы үшін жалақының бір бөлігін субсидиялаймыз", - деп түсіндірді шенеунік.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда ерлер үшін зейнет жасы - 63 жас, әйелдер үшін зейнет жасы - 61 жас. Алайда әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуды уақытша "тоқтату" шарасы жүргізіліп жатыр, ол шамамен 2027 жылдың аяғына дейін созылады.

Осыдан кейін өсім кезең-кезеңімен жалғасады: 2028 жылдан бастап 61,5 жасқа дейін болса, 2031 жылға қарай 63 жасқа жетеді. Осылайша әйелдердің зейнет жасы ерлермен теңеседі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!