- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда әйелдердің денсаулығын...
Қазақстанда әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша онкүндік басталды
2016 жылдың 12 мен 21 қазан аралығында Сүт безінің қатерлі ісігі туралы хабардар болу дүниежүзілік күнінің аясында республиканың барлық аймақтарында әйелдердің денсаулығын қорғау онкүндігі өтеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Ақпараттық кампанияның негізгі мақсаты – халықтың назарын қатерлі ісік ауруларының алдын алу мен оны ерте анықтау мәселелеріне аудару, уақытылы скринингтік тексерудің анықтаудың маңыздылығы жөнінде әйелдердің сауаттылығын арттыру, өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыру және азаматтарды салауатты өмір салтына бейім болуға ынталандыру.
Еліміздің аймақтарында өтетін онкүндік барысында сүт безі қатерлі ісігін алдын алу мәселелері бойынша алғашқы звено медициналық қызметкерлері үшін оқу семинарларын, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Халық үшін бейінді мамандардың қатысуымен алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарда ашық есік күндерін, денсаулық мектептерінде сүт безі қатерлі ісігі қаупінің факторларын төмендету және т.б. бойынша сабақтарды өткізу жоспарланып отыр.
2015 жылы Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында қатерлі және қатерсіз сүт безі ісіктерін ерте анықтау бойынша 408 824 әйел тексерілді, 96 702 сүт безінің әртүрлі патологиялары анықталды.
Ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықта тексерілуі тиіс 403 589 әйелдердің ішінде 218 281 адам тексерілді. 320 (0,1%) сүт безі қатерлі ісік жағдайы анықталып, оның ішінде 313 (97,8%) әйел адам диспансерлік есепке алынды.
Айта кету керек, сүт безі ауруларының ішінде мастопатия, сарысулы ісік, қатерсіз сүт безі ісіктері жиі кездеседі. Аталған аурулардың барлығы сүт безі қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін. Сондықтан, әрбір әйел сүт безі ауруларын ерте диагностикалаудың уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін білгені абзал.
Естеріңізге сала кетейік, әлемде сүт безінің қатерлі ісігі туралы хабардар болу дүниежүзілік күні жыл сайын 21 қазанда атап өтіледі.
T. Кіршібаев