Қазақстанда аутизммен ауыратындарға арнайы қала салу ұсынылды

"Аутизм. Доступная среда" қорының басшысы Руслан Қазыбаев Қазақстанда аутизммен ауыратындарға арналған жеке қала салғысы келеді.

Оның ойынша, аутизмге шалдыққан балалар, жасөспірімдер, ересектерге ыңғайлы етіп жасалған мұндай қала тұрғызу қиын емес. Руслан бұл идеясын бірнеше отбасыға айтып көрген, олар мұндай қалаға қуана көшетінін айтқан.

"Аутизмге шалдыққандарға арналған қалада барлығы бір-біріне қолғабыс болып, көмек көрсетер еді. Сонда ата-аналар барынша уайымдамай өмір сүреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда аутизммен ауыратын 35 мың бала бар. Бірден айтайын, бұл ешқандай сегрегация немесе гетто емес, бұл – арман қаласы", - дейді Руслан.

Аутизммен ауыратын адамдар шуға, көп адамға, тым жарық жерге көп шыдай алмайды. Руслан Қазыбаевтың айтуынша, ата-аналар баласына жайлы жағдай жасау үшін барын салады, бірақ қоршаған орта факторына ықпал ету қиын.

"Тіс дәрігеріне барудың өзі проблема, себебі кабинеттер бейімделіп жасалмаған", - дейді ол.

Оның идеясына сай, қалада бейімделген сауда орталығы болады, мұнда аутизмге шалдыққандар азық-түлік сатып алып қана қоймай, жұмыс істей алады. Аутизммен ауыратындардың қарым-қатынас жасауы қиын, бірақ олардың IQ көрсеткіші жоғары болады. Соған орай қабілетті аутистерге арналған жеке кеңсе салынады. Сондай-ақ қалада мектеп, балабақша, реттелген көлік жүйесі болмақ.

Мұндай жеке қала Англияда бар екен. Қалада балалардың ата-анасы да бірге тұрып, жұмыс істей алады.

Аутизммен ауыратын адамдардың қандай қиындығы барын Руслан бір кісідей біледі. Оның үлкен ұлына 2009 жылы диагноз қойылған.

"Қазір ұлым қоғамдық орындарға шығып жүр, бірге қоғамдық көлікпен жүреміз", - дейді ол.

Ол кезде, 2009 жылы, Руслан ерекше баланы өсіруге қанша күш керегін білмеген еді. Сондықтан қоғамдық іске назар аудармай, банктегі мансабын жалғастыра берді. Ол аутизмге шалдыққан балаларға Қазақстанда жақсы жағдай жасалған деп ойлаған. Бірақ олай болмай шықты.

Қазір Руслан Қазақстандағы Психикалық сауықтыру орталықтарына арнайы медициналық жабдық сатып алуға себепші болған. Республикада мұндай 18 орталық бар. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтыр желтоқсанда тиісті департаменттерге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға бұйрық берген еді.

Қазір Русланға "ақылды" қаланы Жамбыл облысында бастауға ұсыныс түсіп жатыр. Қазақстанның оңтүстігі жайлы климатына орай таңдалған.

Дереккөз: theopenasia.net