Қазақстанда ауланған киіктердің еті, мүйізі, терісі қандай мақсатта пайдаланылады?

Бұған дейін киіктерді аулауға ресми түрде рұқсат берілгені туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдап, ауланған киік еті қандай мақсатта пайдаланылатынын сұрады.

Жауапты министрлік мәліметінше, 2023 жылы киіктерге жүргізілген санақ бойынша Орал популяциясының саны - 1 130 000 , Бетпақдала популяциясының саны - 745 300, Үстірт популяциясының саны - 39 700. Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 915 000-ға жеткен. Жыл соңында киіктердің жалпы саны көктемгі төлін ескергенде, 2,6 миллионнан асады, оның ішінде Орал таралымы 1,6 миллион болады деген болжам бар.

Тұрар Қазанғапов

  • Ауланған киіктің еті, терісі қайда жіберіледі?

"Ауланған киіктердің ұшасы, сонымен қатар, терісі, ішкі құрылысынсыз келісім шартқа отырған ет комбинаттарына тапсырылады. Ет комбинаттары киіктердің ұшасын өңдеу арқылы өз қажеті үшін пайдаланып, сатуға құқылы", - делінген министрліктің Massaget.kz-ке ресми жауабында.

  • Ауланған киіктің мүйізі қайда жіберіледі, оған кім жауапты?

"Ауланған киіктің мүйізі бас сүйегінен кесіп алынып, арнайы мамандырылған ұйым "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК-ға сақтауға тапсырылады, киіктердің барлық дериватын пайдалануға халықаралық конвенция бойынша тиым салынған. Киік мүйізінің сақталуына жауапты арнайы мамандандырылған ұйым - "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК", - дейді жауапты орган өкілдері.

Тұрар Қазанғапов

  • Қанша киікті аулауға рұқсат берілді?

"Киіктер популяциясын табиғи ортадан алу биологиялық негіздеме бойынша жүргізіледі. Орал популяциясы бойынша киіктерді табиғи ортадан алу көктемгі санағы бойынша саны 20 пайыздан аспауы, Бетпақдала популяциясы көктемгі санағы бойынша 15 пайыздан аспауы қажет", - делінген министрліктің Massaget.kz-ке ресми жауабында.

  • Киіктер қандай жолмен және қай өңірлерде ауланады?        

"Бүгінгі таңда киіктер санын реттеу кораль сеткаларын қолдана отырып жүзеге асырылады. Орал популяциясының киіктерін аулау Батыс Қазақстан облысында, ал  Бетпақдала популяциясы бойынша Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында жүзеге асырылады", - делінген министрліктің Massaget.kz-ке ресми жауабында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!