Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аудан әкімдерін сайлау үдерісін уақытша тоқтата тұрған жөн екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде 52 аудан әкімі сайланған.
"Аудан, қала әкімдерін пилоттық форматта сайлауға кірістік. 52 аудан әкімі сайланды. Бірақ оның тиімділігі әлі де сараланбады. Олардың бәрі өз міндетін лайықты деңгейде атқарып отыр деп айта алмаймыз. Сайланған аудан әкімдерінің біразы бір жылға жетпей жұмысынан кеткен. Оған қоса, сайлаудың шығыны шаш етектен. Тек биылдың өзінде 6 аудан әкімі мен 1 облыстық маңызы бар қала әкімін сайлау өтті. Осының өзіне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалды. Осы шығын ақталды ма?" - деп сұрады депутат.
Ерлан Саировтың айтуынша, әкімдер үйіп-төгіп берген уәделерін орындай алмай жатыр.
"Аудан әкімдерін сайлау мәселесінде жүйелі әрі жан-жақты зерделенген тәсіл қажет. Ең алдымен ауыл әкімдерін сайлау жүйесі мен тетігін әбден жетілдіріп алу керек. Олардың абыройын арттырып, қолына бюджет берейік. Құзыретін кеңейтейік. Осылайша, ауыл саясаткерлерінің кәсіби корпусы қалыптасады. Содан соң аудан әкімдерінің сайлауына қатысатын азаматтар да, тіпті ауыл тұрғындары да дайын болады. Менің ойымша, аудан әкімдерін тікелей сайлау әлі ерте", - деді ол.
чЖаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова