Қазақстанда ауасы ең лас және ауасы ең таза елді мекендер қайсы? Massaget.kz тілшісі анықтады.
Қанша елді мекен қатты ластанған?
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Massaget.kz-ке берген ресми жауабында 2024 жылғы 11 айда қанша аймақ қатты ластанғанын, қанша аймақта ауа салыстырмалы түрде таза болғанын айтты:
- 70 елді мекеннің ішінен 8 елді мекен ауаның өте жоғары ластану деңгейіне;
- 23 елді мекен жоғары ластану деңгейіне;
- 29 елді мекен көтеріңкі ластану деңгейіне;
- 10 елді мекен төмен ластану деңгейіне жатқызылған.
Алматы қаласы. ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Ауасы ең лас елді мекендер
Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда ластану деңгейі өте жоғары 8 елді мекен бар: Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Астана, Ақсай, Шымкент, Сәтбаев қалалары, Кеңқияқ кенті;
Ауасы лас елді мекендер
- Ведомство мәліметінше, ластанудың жоғары деңгейіне 23 елді мекен жатады: Хромтау, Талдықорған, Талғар, Орал, Балқаш, Абай, Теміртау, Атырау, Ақтау, Петропавл, Павлодар, Түркістан, Өскемен, Риддер, Қостанай, Рудный, Лисаков, Жітіқара, Арқалық қалалары, Шұбаршы, Мақат, Қарабалық кенттері және Жанбай ауылы;
- Ластанудың көтеріңкі деңгейіне 29 елді мекен жатады: Щучинск, Құлсары, Жаңаөзен, Жезқазған, Алтай, Шемонаиха, Семей, Аягөз, Тараз, Шу, Қаратау, Екібастұз, Қызылорда, Арал, Қандыағаш, Жаркент, Кентау қалалары, Бурабай, Бестөбе, Индербор, Састөбе, Әйтеке би кенттері, Ганюшкин, Қордай, Ақай, Бейнеу, Қызылсай, Бөрлі, Шиелі ауылдары.
Ластану деңгейі төмен елді мекендер
Ластанудың төмен деңгейіне 10 елді мекен: Көкшетау, Степногор, Атбасар, Саран, Ақсу, Жаңатас қалалары, Ақсу, Төретам, Глубокое, Әуезов, СКФМ Бурабай кенттері жатады.
Ауа сапасы нашарлауына не себеп?
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ауа сапасы нашар болуына әсер ететін негізгі 6 факторды атады:
- өнеркәсіп қалдықтары - зауыттар мен фабрикалардан шыққан зиян заттар;
- көлік қозғалысы - ескі көліктер мен кептеліс;
- тұрмыстық қалдықтар - көмір жағу, қоқыс өртеу;
- климаттық және географиялық ерекшеліктер - инверсия, тымық (жел соқпайтын) ауа райы;
- жасыл желектер мен өсімдіктер өспеуі;
- құрылыс пен апаттар - шаң, өрт және төтенше жағдайлар.
depositphotos.com
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауа сапасы қашан жақсаратыны жөнінде жаздық.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз