Қазақстанда ауасы ең лас және ең таза жерлер қайсы?

Қазақстанда ауасы ең лас және ауасы ең таза елді мекендер қайсы? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Қанша елді мекен қатты ластанған?

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Massaget.kz-ке берген ресми жауабында 2024 жылғы 11 айда қанша аймақ қатты ластанғанын, қанша аймақта ауа салыстырмалы түрде таза болғанын айтты:

  • 70 елді мекеннің ішінен 8 елді мекен ауаның өте жоғары ластану деңгейіне;
  • 23 елді мекен жоғары ластану деңгейіне;
  • 29 елді мекен көтеріңкі ластану деңгейіне;
  • 10 елді мекен төмен ластану деңгейіне жатқызылған.

Алматы қаласы. ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Ауасы ең лас елді мекендер

Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда ластану деңгейі өте жоғары 8 елді мекен бар: Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Астана, Ақсай, Шымкент, Сәтбаев қалалары, Кеңқияқ кенті;

Ауасы лас елді мекендер

  • Ведомство мәліметінше, ластанудың жоғары деңгейіне 23 елді мекен жатады: Хромтау, Талдықорған, Талғар, Орал, Балқаш, Абай, Теміртау, Атырау, Ақтау, Петропавл, Павлодар, Түркістан, Өскемен, Риддер, Қостанай, Рудный, Лисаков, Жітіқара, Арқалық қалалары, Шұбаршы, Мақат, Қарабалық кенттері және Жанбай ауылы;

  • Ластанудың көтеріңкі деңгейіне 29 елді мекен жатады: Щучинск, Құлсары, Жаңаөзен, Жезқазған, Алтай, Шемонаиха, Семей, Аягөз, Тараз, Шу, Қаратау, Екібастұз, Қызылорда, Арал, Қандыағаш, Жаркент, Кентау қалалары, Бурабай, Бестөбе, Индербор, Састөбе, Әйтеке би кенттері, Ганюшкин, Қордай, Ақай, Бейнеу, Қызылсай, Бөрлі, Шиелі ауылдары.

Ластану деңгейі төмен елді мекендер

Ластанудың төмен деңгейіне 10 елді мекен: Көкшетау, Степногор, Атбасар, Саран, Ақсу, Жаңатас қалалары, Ақсу, Төретам, Глубокое, Әуезов, СКФМ Бурабай кенттері жатады.

Ауа сапасы нашарлауына не себеп? 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі ауа сапасы нашар болуына әсер ететін негізгі 6 факторды атады:

  • өнеркәсіп қалдықтары - зауыттар мен фабрикалардан шыққан зиян заттар;
  • көлік қозғалысы - ескі көліктер мен кептеліс;
  • тұрмыстық қалдықтар - көмір жағу, қоқыс өртеу;
  • климаттық және географиялық ерекшеліктер - инверсия, тымық (жел соқпайтын) ауа райы;
  • жасыл желектер мен өсімдіктер өспеуі;
  • құрылыс пен апаттар - шаң, өрт және төтенше жағдайлар.

depositphotos.com

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауа сапасы қашан жақсаратыны жөнінде жаздық. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз