Қазақстанда әскери қызметке қабылдау талаптары күшейтілді

Қазақстанда әскери қызметке қабылдау талаптары күшейтілді
Фото: massaget.kz

Қазақстанда әскерге қабылдау талаптары күшейтілді. Енді әскери қызметке шақырылушылардың денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, моральдық-психологиялық жай-күйіне және отбасы жағдайына ерекше назар аударылады.

1 қазаннан бастап Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі шақырылымы басталған болатын. 2015 жылдың күзінде кейінге шақырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ, сондай-ақ оқу орнынан шығарылған, 27 жасқа толмаған және шақырылым бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген 18 бен 27 жас аралығындағы 12 мыңнан аса ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. 

ҚР Қарулы Күштеріне шамамен 4 мың ер азаматты шақыру жоспарланып отыр, қалғандары ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Ұлттық ұланы және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.

"Әскерге шақыру қоғам өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыруды тиісті өңірдің (астана, облыс, қала, аудан) әкімінің орынбасары басшылық ететін шақыру комиссиясы ғана жүзеге асырады. Оған денсаулық сақтау, ішкі істер, білім беру, қоғам ұйымдары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кіреді. Шақыруды жергілікті әскери басқару органының бастығы (әскери комиссариат) емес, шақыру комиссиясы жүзеге асыратынын нақты және түбегейлі түсіну қажет",  деді жинақтау басқармасының бастығы — ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Амантай Үсербаев.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін