- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда алғаш рет...
Қазақстанда алғаш рет NTF санатындағы дипломдар табысталды
Қазақстан-Британ техникалық университеті ЖОО арасында елімізде алғаш болып ерекше санаттағы NTF токен дипломдарды бітірушілеріне табыстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылы университетті 744 студент бітіріп шыққан, оның 572-сі бакалаврды аяқтаса, 172-сі магистр дәрежесін алған.
Студенттердің жетістігін куәландыру процесі бойынша блокчейн-технологияны қолдану Қазақстанда алғаш қолға алынып отыр. Жүйені ҚБТУ студенттері жасап шыққан. NFT форматындағы цифрлі дипломды қолдан жасауға келмейді, жүйе арқылы дипломның түпнұсқасын анықтауға болады.
Бүгінде еліміздің өнеркәсібі ҚБТУ-дан бәсекеге қабілетті халықаралық мамандарды қабылдауда. Түлектердің көпшілігі қазірдің өзінде Қазақстандағы және әлемнің жетекші мұнай-газ, консалтингтік, IT-компанияларында жұмысқа орналасу жайлы ұсыныс алып үлгерген, - дейді университет ректоры Маратбек Ғабдуллин.
Бітірушілерге диплом табыстау рәсіміне еліміздегі ірі компаниялардың басшылары, өнеркәсіп өкілдері мен университет серіктестері қатысты.
Кенжебек Ибрашев, марапаттау рәсімінің қонағы және ҚБТУ серіктесі өкілі: Бұрын бірінші курсқа көп дегенде 450 студент оқуға түсетін, оның 60 пайызы Алматы қаласынан болатын. Қазір мүлде басқаша деуге болады. ҚБТУ-да Қазақстанның барлық өңірінен студенттер келіп білім алады. ҚБТУ жыл сайын техникалық мамандықтар бойынша білімін жетілдіріп, беделін арттырып, рейтингтер көшін бастап келеді, ірі жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие мамандар дайындауда.
Көңілқош Сүйесінов, марапаттау рәсімінің қонағы және ҚБТУ серіктесі өкілі: Қазақстанның әлеуметтік ілгерілеуі мен өркендеуі сіздердің жетістіктеріңізге де байланысты болады. Болашақты қиындықтары мен мүмкіндіктерін энергетикалық алмасу мен технологиялық даму анықтайтын болады. Ол үшін Сіздердің терең білім, дағды мен тәжірибе, сондай-ақ маман дайындауда жаңа әрі ерекше әдіс-тәсілдеріңіз қажет».
Университет энергетика және мұнай-газ өнеркәсібі, геология, ақпараттық технологиялар және инженерия, бизнес, халықаралық экономика, теңіз академиясы, қолданбалы математика, химия инженериясы, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, материалтану және жасыл технологиялар сияқты салаларда мамандарды дайындайды. Сонымен қатар ЖОО-да үздік технологиялармен жабдықталған, серіктестермен бірлескен тәжірибе мен зерттеу жасауға арналған заманауи зертхана бар.
"ҚБТУ бізге көптеген мүмкіндіктерді ашты. Кезінде осы университетті таңдаған себебім, мұнда өз саламда мықты профессорлар сабақ берді, әрқашан халықаралық олимпиадаларға қатысып, Қазақстан атынан шығасың. Мұнда талай талантты жандарды кездестірдім, қазір олардың көбімен достармыз, әріптеспіз. Бұл үшін өте қуаныштымын, - дейді ҚБТУ түлегі Әділ Бектұрсынов.
ҚБТУ посткеңестік елдер арасында ІТ білім беру бағдарламалары бойынша АВЕТ халықаралық аккредитациясы бар жалғыз университет. Сондай-ақ теңізшілерді даярлау және сертификаттау, вахта ісі жөніндегі барлық халықаралық конвенцияларға сәйкес теңіз мамандарын даярлайтын Орталық Азиядағы бірден-бір Жоғары оқу орны.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!