Қазақстанда әлеуметтік төлемге қатысты тағы бір фейк тарады

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін әйел жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем рәсімдей алатыны туралы жалған ақпарат жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, мұндай хабарламалардың авторлары азаматтарға алты ай бойы төлем алу үшін мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді ұсынады.

"Бұл схеманың заңды негізі жоқ және ол азаматтарды жаңылыстырады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады, сондықтан ол жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға беріледі", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік әлеуметтік төлем алу мақсатында әдейі жалған мәлімет беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, 2025 жылы алаяқтық бойынша 30-дан аса қылмыстық іс қозғалып, 7 сот үкімі шыққан. Тергеу барысында азаматтар әлеуметтік желілердегі (соның ішінде Instagram-дағы) жарнамаларға сеніп, әлеуметтік төлемді заңсыз алу схемаларына тартылғаны анықталған.

Еске салайық, бұған дейін табысы 232 мың теңгеден төмен отбасыларға, сондай-ақ, белгілі бір сырқаты бар адамдарға 432 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындалатыны туралы жалған ақпарат тарады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!