Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде Әлеуметтік кодекс әзірленуде. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов онлайн-брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, аталмыш кодекстің тұжырымдамасы келесі жылдың екінші тоқсанында әзірленіп, жұмыс нұсқасы көпшілік назарына ұсынылмақ. Ал министрліктің тұжырымынша, бұл кодекс заңнама түрінде қалмай, елдің әлеуметтік саласындағы мәселелерді жүйелі шешетін кешенді тетікке айналуы тиіс.
"Қазіргі таңда Қазақстанда әлеуметтік қатынастарды реттеуге көмектесетін 17 заң мен 100-ден аса құқықтық-нормативтік актілер бар. Әлеуметтік кодекс соның бәрін жинап, жүйелеп қана қоймай, оны әзірлеу кезінде басқа да әлеуметтік мәселелерді жүйелі шешудің жолдарын табуымыз қажет. Мәселен, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, көрсету кезінде түрлі көрсетілімдер қолданылып жүр: айлық есептік көрсеткіш, төменгі күнкөріс деңгейі, төменгі жалақы, т.б. Бұл көрсеткіштердің барлығын бірыңғай жүйеге, үлгіге келтіруіміз керек", - дейді министр.
Әлеуметтік кодекстің міндеті – әлеуметтік саладағы екіұдай түсініктерді көпшілікке де, билік органдары мен орындаушыларға да ұғынықты ету. Төлем түрлерін, әлеуметтік стандарт құрылымы мен құрамын, негіздерін қайта қарап, бірізділікке келтіру маңызды.
"Әлеуметтік кодекс – бұл ауқымды жоба. Қазір оның тұжырымдамасын жасау мақсатында жұмысшы топ құрылып, алғашқы ұсынымдарын дайындау үстінде. Оны келесі жылы жаппай талқыға шығарамыз. Бірақ қазірдің өзінде бұл салаға қызығушылық танытқан азаматтар, белсенділер ұсынысы мен кеңестерін бізге жолдаса игі еді", – дейді Біржан Нұрымбетов.