Әлеуметтік кәсіпкерлік – азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бизнес түрі. Сондай-ақ оның артында түрлі әлеуметтік топты жұмыспен қамту мәселесі тұр. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер қандай жеңілдіктерге ие? ҚР Ұлттық экономика министрлігі маңызды сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда 2022 жылы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау үшін заң қабылданды. Бірақ әлі де кәсіпкерлер өзіне жасалған жеңілдіктер туралы біле бермейді.
"Әлеуметтік кәсіпкер" мәртебесін беру және оларды есепке алу мақсатында Министлік әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді. Ағымдағы жылдың 2 тоқсандағы жағдайы бойынша елімізде 635 әлеуметтік кәсіпкер тілкелген.
ҚР Кәсіпкерлік кодекстің 79-3 бабына сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары көзделген:
Ескерту: ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 79-3 бабына сәйкес, әлеуметтік кәсіпкер жоғарыда атап өткен санатқа жататын кемінде 2 адамды жұмысқа қабылдауы керек.
Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлердің 4 санаты бар.
Бірінші санат, жоғарыда көрсетілген әлеуметтік осал санаттағы адамдарды жұмысқа орналастырумен айналысатын әлеуметтік кәсіпкерлер.
Екінші санат, әлеуметтік санаттағы адамдар қатарынан азаматтар өндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлер.
Үшінші санат, кәсіпорны мүгедектігі бар адамдарға арналған тауарлар өндіруге және қызмет көрсетуге бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлер.
Төртінші санат, қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік кәсіпкерлер.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне кірген кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары бар. ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлерге нақты қандай жеңілдіктер бар екенін атап өтті.
Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау
ҚР ҰЭМ әкімшілендіретін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдаудың қаржылық шаралары жөніндегі бағдарлама шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері түпкілікті қарыз алушы үшін 7% смөлшерлеме бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы инвестициялық мақсаттар үшін 1,5 млрд теңгеге дейінгі кредит сомасына, айналым қаражатын толықтыруға 500 млн. теңгеге дейінгі кредит сомасына жеңілдікті кредиттеу бойынша салалық шектеулерсіз қолдауға үміткер бола алады. Инвестициялық мақсаттар үшін субсидиялау мерзімі - 5 жыл, айналым қаражатын толықтыруға - 3 жыл. Бұл ретте, қалған кәсіпкерлер үшін кредиттер түпкілікті қарыз алушы үшін 8-10 % ставка бойынша беріледі.
Екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша кепілдік беру
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне инвестициялық мақсаттарға 20 млн. теңгеге дейінгі, айналым қаражатын толықтыруға 5 млн. теңгеге дейінгі кредит сомасына түпкілікті қарыз алушы үшін 7% мөлшерлеме бойынша микрокредиттер беріледі.
Мемлекеттік гранттар беру
Ағымдағы жылы мемлекеттік гранттар тек қана әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен "Бір ауыл – бір өнім" жобасының финалистері үшін көзделген. Мемлекеттік грант сомасы салалық шектеулерсіз бір кәсіпкерге 5 млн. теңгеге дейінгі соманы құрайды.
Салықтық жеңілдіктер
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 521-бабына сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері салық базасына 0,5% мөлшерлемені қолданатын мүлік салығын төлеушілер қатарына қосылған.
Бұдан басқа, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі, егер Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 521-бабы 2, 3, 4 және 5-тармақтарының бірнеше ережелеріне сәйкес келсе, ең төмен мөлшерлемелердің бірін қолдануға құқылы.
Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы толық ақпаратты ҚР Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурстарынан және әлеуметтік желілерінен, сондай-ақ "Атамекен" кәсіпкерлер палатасынан, "asi_qazaqstan" әлеуметтік инноваторлар ассоциациясынан алуға болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!