Қазақстанда кибералаяқтық деңгейі 40 пайызға азайып, жәбірленушілерге 5,9 миллиард теңге өтелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, кейінгі 3 жыл ішінде интернет алаяқтық саны 40 пайызға азайып, мұндай қылмыстарды ашу деңгейі 29,9 пайызға өскен.
Ұлттық банктің Антифрод орталығының арқасында кейінгі жылдары зардап шеккендерге миллиардтаған теңге қайтарылған, 117 миллиард теңгеден аса қаражат бұғатталған. Сонымен қатар, елде дропперлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Жеке деректі қорғау конституциялық деңгейде бекітілген. Медициналық, банк және басқа да маңызды дерегі бар базаларға қол жеткізу үшін міндетті биометрия енгізілген.
Ұйымдар азаматтарға жеке дерек тарап кеткенін хабарлауға міндетті. Еңбек кодексіне қызметкерлерді кибергигиенаға оқыту бойынша нормалар енгізілген, ал маңызды нысандардың қорғалуын қадағалау міндеті ҰҚК-ға берілген.
Азаматтарға SMS код пен құпия сөзді ешкімге бермеуге, сілтемелерді тексеріп алуға және екі факторлы аутентификация қосуға кеңес берілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!