Қазақстанда кибералаяқтық деңгейі 40 пайызға азайып, жәбірленушілерге 5,9 миллиард теңге өтелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
117 миллиард теңгеден аса қаражат бұғатталған
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, кейінгі 3 жыл ішінде интернет алаяқтық саны 40 пайызға азайып, мұндай қылмыстарды ашу деңгейі 29,9 пайызға өскен.
Ұлттық банктің Антифрод орталығының арқасында кейінгі жылдары зардап шеккендерге миллиардтаған теңге қайтарылған, 117 миллиард теңгеден аса қаражат бұғатталған. Сонымен қатар, елде дропперлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Азаматтың жеке дерегі қалай қорғалады?
Жеке деректі қорғау конституциялық деңгейде бекітілген. Медициналық, банк және басқа да маңызды дерегі бар базаларға қол жеткізу үшін міндетті биометрия енгізілген.
Ұйымдар азаматтарға жеке дерек тарап кеткенін хабарлауға міндетті. Еңбек кодексіне қызметкерлерді кибергигиенаға оқыту бойынша нормалар енгізілген, ал маңызды нысандардың қорғалуын қадағалау міндеті ҰҚК-ға берілген.
Азаматтарға арналған пайдалы тегін қызметтер
- еGov Mobile-дағы "Стопкредит" - несие ресімдеуден ерікті түрде бас тарту. 1 маусымдағы мәлімет бойынша бұл сервис 6,3 миллион рет пайдаланылған.
- еGov-қа қол жеткізуді қадағалау қызметі - деректі өңдеуге келісім беруді тексеру және кері қайтарып алу.
- NomadGuard - жеке дерек тарап кетуін тексеру және фишинг.
- eGov және CitizenSec платформасындағы киберсауат курстары.
Азаматтарға SMS код пен құпия сөзді ешкімге бермеуге, сілтемелерді тексеріп алуға және екі факторлы аутентификация қосуға кеңес берілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова