Үкіметте автомобиль жолдарының ақылы болуына қатысты жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында жол ақысын жинаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландырудың тұрақтылығын арттыру жөніндегі ұсыныстар қаралды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Коммерциялық жүк көліктерінің, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың ақылы жолдармен жүру тәртібіне мынадай өзгерістер енгізу ұсынылды:
- мемлекеттік шекарадан өтетін шетелдік жүк көліктерін сақтандыру тетіктерін әзірлеу;
- көлік компаниялары үшін жылдық абонемент енгізу мүмкіндігін қарастыру;
- көлік құралдарының сипаттамаларына қарай сараланған тарифтер белгілеу.
«Біз автомобиль жолдарын салып жатырмыз, алайда оларды күтіп ұстау мен жөндеуге кететін шығынды әлі де бюджет есебінен өтейміз. Жол инфрақұрылымы өзін-өзі қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажет», — деді Серік Жұманғарин.
Жүк көліктерін цифрлық құралдар арқылы бақылауға алмақ
Отырыста жүк тасымалының ашықтығына және жол алымдарын төлеу жөніндегі талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жүк көлігі қозғалысын, соның ішінде автомобиль жолдарының ақылы учаскелерінде мониторингтеу үшін цифрлық құралдарды пайдалану аясын кеңейту ұсынылды.
Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ұсыныстарды пысықтауды жалғастыруды тапсырды.
Алғашқы ұсыныстар қарашаның соңына дейін әзірленеді
Жаңа тәсілдерді әзірлеу кезінде тасымалдаушылар мен бизнестің мүдделерін ескеру, сондай-ақ жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға жұмсалатын шығындардың әділ бөлінісін қамтамасыз ету тапсырылды.
Жұмыс тобы негізгі ұсыныстарды қараша соңына дейін дайындауы тиіс. Олар келесі отырыстың қарауына ұсынылады.
О. Сансызбай