Қостанай облысында да атом электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, елдегі энергия тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кемінде үш, ал болашақта төрт атом электр станциясын салу жоспарланған. Алмасадам Сәтқалиев энергия теңгерімін, экологиялық және сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, бірқатар алаң зерттелгенін жеткізді.
"Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін бірнеше бірегей алаң бар. Бірінші кезекте бұл - Балқаш маңындағы аймақ, ол алты ірі энергетикалық блокқа дейін салуға мүмкіндік береді. Әлеуеті жеткілікті Курчатов бар, бұл - шағын немесе орта қуатты атом реакторларын дамытуға арналған алаң. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан бар, онда энергетикалық қондырғыларды аралас режимде пайдалану тәжірибесі көзделеді", - деді ол.
Агенттік басшысы елдің басқа өңірлеріне де тоқталды.
"Энергия теңгеріміне сүйенсек, 20-30 жылдан кейін Қостанай да атом станциясын салу үшін әлеуетті орынға айналуы мүмкін", - деді ол.
Осылайша, Қостанай облысы ұзақ мерзімді перспективада АЭС салуға арналған ықтимал алаңдардың бірі ретінде қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы екінші АЭС-тің атауы белгілі болды. Жобаның жұмыс атауы - "Мойынқұм" АЭС.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!