Әділет министрлігі "Әділет" партиясын тіркеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекеттік тіркеу Қазақстан заңнамасына сәйкес 1 маусымда өткен. Хабарламада "Әділет" партиясы әртүрлі сала өкілін, яғни еңбек адамдарын, мұнай қызметі және тау-кен металлургия саласының қызметкерлерін, шахтерлерді, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT сектор, заң және креативті индустрия өкілдерін біріктіретіні айтылған.
Партияның баспасөз қызметінен
Партия өкілдері заң мен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту, тиімді институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыру, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруды өз басымдықтары ретінде атады. Партия төрағасы Айбек Дәдебай үндеу жасады.
"Қоғамда әділдікке сұраныс бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан партиямыздың қызметі бес негізгі құндылыққа - әділдік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогреске негізделген", - деді ол.
Сондай-ақ, ол партия мемлекеттік институттарды, экономиканы, өңірлерді, білім беруді, заманауи технологияларды және құқықтық мәдениетті дамытуға баса назар аударатынын мәлімдеді.
Ақорда
Айбек Дәдебай қоғам белсенділерін, кәсіподақтарды, бизнес өкілдерін, сарапшыларды, ғалымдарды, еріктілерді, мәдениет қайраткерлерін, жастарды және басқа да белсенді азаматтарды бірігуге шақырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова