Қазақстанда адамды жерлеу қызметі қанша пайызға қымбаттады?

Қазақстанда адамды жерлеу қызметі қанша пайызға қымбаттады?
Фото: ритуал.бел/article/kopat-mogilu-vo-sne/

Қазақстанда жерлеу рәсімі 25 пайызға қымбаттады. Жерлеу қызметі көлемі бір жылда бірден үш есеге өскен. Ал қайтыс болғандар саны 27 пайызға азайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Finprom деректеріне сілтеме жасап.

2022 жылғы қаңтар мен желтоқсанда жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және соған байланысты қызмет көрсету бойынша қызмет көлемі 13,9 миллиард теңгеге жеткен. Ол 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 2,9 есеге көп.

Бұл ретте 2022 жылғы қаңтар мен желтоқсанда қайтыс болғандар саны 134,7 мың адам болған. 2021 жылғы дерекке қарағанда 26,5 пайызға аз.

Биылғы наурыздың қорытындысы бойынша жерлеуі қызметі бір жылда бірден 24,6 пайызға қымбаттады. Былтырғы наурызда өсім 9,3 пайыз болған, 2021 жылғы наурызда 6,1 пайыз, 2020 жылғы наурызда 2,2 пайыз болған.

Өңірлер арасында Маңғыстау облысында бұл қызмет құны айтарлықтай өсті: бір жылда 61,8 пайызға көтерілген. Одан кейін Қызылорда (59,1 пайызға) және Солтүстік Қазақстан (52,7 пайызға) облыстары тұр. Ақтөбе және Жетісу облыстарында да 1,5 есе қымбаттады.

Батыс Қазақстан (4,9 пайызға), Ұлытау (10 пайызға) және Ақмола (10,1 пайызға) облыстарында бұл қызмет айтарлықтай қымбаттамады. Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында, елордада жерлеу қызметі құны өзгеріссіз қалды.

Несиеге де болады. Қазір адамды жерлеу қанша тұрады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова