Қазақстанда 989 мың адам баспана кезегінде тұр: қай өңірде тұрғын үй көп салынып жатыр?

2025 жылы елдегі тұрғын үй қорының жалпы аумағы 447,3 миллион шаршы метрге жетті. 2020–2025 жылдар аралығындағы бес жылда жаңадан салынған үйлер есебінен тұрғын үй көлемі шамамен 20 пайызға, яғни 74 миллион шаршы метрге артқан. Соған қарамастан, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі әлі де жеткіліксіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда тұрғын үй ең көп қай жерде салынып жатыр?

2025 жылдың қорытындысына сүйенсек, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша республикалық маңызы бар қалалар көш бастады:

  • Астана - 4,8 миллион шаршы метр;
  • Алматы - 2,6 миллион шаршы метр;
  • Шымкент - 1,4 миллион шаршы метр.

2026 жылы ел бойынша 20,4 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 188 мың пәтер салу жоспарланған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады. Биылдың алғашқы сегіз айында 11,3 миллион шаршы метр немесе 105,9 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - жылдық жоспардың 55,3 пайызы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биылғы сегіз айда тұрғын үй құрылысы ең қарқынды жүрген өңірлер:

  • Астана - 2,7 миллион шаршы метр;
  • Алматы - 1,8 миллион шаршы метр;
  • Алматы облысы - 0,9 миллион шаршы метр.

Бір қазақстандыққа қанша шаршы метр тұрғын үй тиесілі?

2025 жылы Қазақстанда бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамту көрсеткіші 25,1 шаршы метр болды:

  • қала тұрғындарына - 27,4 шаршы метр;
  • ауыл тұрғындарына - 21,3 шаршы метр.

Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 0,6 шаршы метрге артқан.

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрғандар қай өңірде көп?

Биылдың алғашқы сегіз айындағы мәлімет бойынша, елде 989 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы уақыт аралығында 12,7 мың қазақстандық баспанамен қамтылған. Министрлік өкілдері бұл көрсеткіштер тұрғындардың баспанаға деген сұранысы әлі де жоғары екенін атап өтті. Тұрғын үй кезегінде тұрғандар ең көп тіркелген өңірлер:

  • Түркістан облысы - 110,5 мың адам;
  • Шымкент - 88,4 мың адам;
  • Алматы - 77,4 мың адам;
  • Алматы облысы - 68,8 мың адам;
  • Астана - 68,5 мың адам.

Алматы, Астана және Шымкентте жеңілдетілген шартпен баспана алуды 234 мыңнан астам қала тұрғыны күтіп жүр. Биылғы сегіз айда Алматыда - 1064, Астанада - 434, Шымкентте 1501 адам баспанамен қамтылған.

Ал тұрғын үйге мұқтаждар саны ең аз өңірлер:

  • Ұлытау облысы - 8 мыңға жуық адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 25,9 мың адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы - 26,8 мың адам.

Тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны салыстырмалы түрде аз тағы екі өңір бар. Абай облысында 31,4 мың қазақстандық баспана кезегінде тұрса, Ақмола облысында 31,8 мың адам тұрғын үй алуды күтіп жүр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз