Депрессия бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында. Бұл туралы ranking.kz сарапшылары айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Countrycassette халықаралық тәуелсіз интернет журналы мәліметінше, депрессияға шалдыққан қазақстандықтардың үлесі - 4,4 пайыз. Жаһандық көрсеткіш айтарлықтай төмен, яғни 3,9 пайыз. Есепке сүйенсек, елде депрессияға бейім азаматтардың саны 732,7 мың адамға жетеді.
Депрессия ең көп тараған елдердің бестігінде осы психикалық бұзылыстың белгілері бар халықтың үлесі 6,3 пайыз болатын Украина алда. Одан кейін АҚШ, Аустралия және Эстония тұр, оларда бұл көрсеткіш - 5,9 пайыз. Қазақстанға жақын елдердің ішінде халықтың 5,5 пайызы депрессиялық бұзылулардан зардап шегетін Ресейде ғана жағдай нашар.
Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда психикалық денсаулықтың бұл көрсеткіші төмен: 4,2 пайыздан 3,8 пайызға дейін.
Депрессияға ұшыраған қазақстандықтардың жоғарыда айтылған саны - болжамды көрсеткіш. Нақты сан тек дәрігерлерге қаралып, психиатриялық диагноз қойылған азаматтарға ғана берілуі мүмкін. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының (РПДҒПО) дерегінше, 2023 жылы динамикалық бақылаудағы психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастардың жалпы саны 198,4 мың адамнан асты. Бұл - психоактив заттардың (ПАЗ) әсерінсіз көрінетін әртүрлі психикалық бұзылулары бар адамдар. Қазақстанда тағы 108,7 мың адам есірткі немесе басқа да психоактив заттарды қолдану кезінде осындай бұзылулардан зардап шеккен. 2022 жылмен салыстырғанда жағдай аздап өзгерді.
Бірақ былтыр алғаш рет диагноз қойылған адамдардың саны артқан. 13,1 мың адамға (11,7 пайызға көбейген) психоактив заттардың әсерінсіз психикалық бұзылу диагнозы қойылған; 13,4 мың адам (4,2 пайызға көбейген) психоактив заттарды қолданудан туындаған психикалық бұзылулар бойынша есепте тұр.
Қазақстанда соңғы жылдары өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші өзгерген жоқ. Бір жылда 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өз өмірін қиды. Былтыр 12 айда 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде 234 адам кәмелетке толмаған.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚС АЕК) есептері 3,7 мың адамның 99-ы ауыр психикалық жағдайда қайтыс болғанын көрсетеді. 2022 жылы мұндай суицидтер саны біршама жоғары болды: 106 адам.
"ҚР БП ҚС АЕК берген суицидтік мінез-құлықтың алдында болған факторлардың тізімінен марқұмдар қандай да бір психикалық бұзылыстары бар-жоғын анықтау мүмкін емес. Дегенмен өз-өзіне қол жұмсаудың себептері - жақын адамдарының қайтыс болуы, ажырасу, жұмысынан айырылу, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз