Қазақстандағы 700-ден астам медициналық ұйым жасанды интеллект негізіндегі оннан астам шешімді пайдаланады. Олар дәрігерлерге инсульт пен обыр белгілерін анықтауға, медициналық суреттерді талдауға және құжат толтыру уақытын қысқартуға көмектеседі, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Негізгі бағыттардың бірі – инсультті диагностикалау. CerebraAI жүйесі компьютерлік томография суреттерін талдап, бас миының зақымдану белгілерін жедел анықтауға жәрдемдеседі.
Қазір технология Астана қаласы, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында қолданылады. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бері жүйе арқылы инсультке күдік болған 23,5 мыңнан астам пациенттің тексеру нәтижелері талданған.
Жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырының белгілерін ерте анықтауда және стоматологиялық диагностикада да пайдаланылып жатыр.
Бұдан бөлек, дәрігерлердің құжат рәсімдеуін жеңілдететін цифрлық көмекшілер енгізілуде. Мәселен, Alima көмекшісін 4 205 дәрігер қолданады. Пилоттық жоба кезінде асқынбаған аурумен келген пациенттің медициналық құжаттарын толтыру уақыты төрт есе – алты минуттан бір жарым минутқа дейін қысқарған.
Бұл дәрігерлерге пациентті тексеруге, кеңес беруге және емдеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект маманға көмекші құрал ретінде қолданылады. Диагноз қою мен ем тағайындау жөніндегі соңғы шешімді дәрігер қабылдайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!