- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда "7-20-25" ипотекасы...
Қазақстанда "7-20-25" ипотекасы жалғаса ма?
Қазіргі сәтте "7-20-25" жеңілдікті ипотекасын созу жоспарда жоқ. ҚР Ұлттық банкі халықты несиелендіру 1 трлн теңге көлеміндегі қаражат толық игерілгенге дейін жүзеге асырылатынын айтқан.
"Бағдарламаның қазіргі шарттарында оның нақты қашан аяқталатыны белгіленбеген. Бағдарлама жалғасуда. Бүгінгі таңда 799.0 млрд теңгеге 60 514 жеңілдетілген несие берілді. Бос қаражат 200 млрд теңгеден асады", - деп бөлісті қаржы реттеуші.
Бұл ретте айта кететіні, қаражатты игеру қарқыны төлем қабілетті сұранымға байланысты, бағдарлама қаражат толық игерілгенде, яғни 2023 жылы аяқталуы мүмкін.
Қазақстан тұрақтылық фонды 20 қазандағы жағдай бойынша, бағдарлама аясында 732.8 млрд теңгеге 56 144 несие берілгенін хабарлады. Қаражатты игеру қарқынына қарап, айына шамамен 70 млдр теңге деп алсақ, бағдарлама шамамен 2023 жылдың наурыз-сәуір айларына дейін жұмыс істеуі мүмкін.
Еске салайық, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев президенттің тапсырмасына байланысты "7-20-25" бағдарламасын жалғастыру жоспарын жариялаған болатын. Алайда, ол «толыққанды ақпаратты Ұлттық банктен алған дұрыс» деді.
Көріп тұрғандарыңыздай, Ұлттық банк жаңа транштардың бөлінуін болжайтын ұзартуды емес, әзірге осы бағдарлама бойынша қалған қаражатты ғана игеру жалғасатынын айтып отыр.
«7-20-25» ипотекасы қандай шарттармен берілетінін айта кетейік. Ипотека "алғашқы" баспанаға, яғни тек жаңа баспананы сатып алуға беріледі.
Заемдардың негізгі шарттары мынадай:
- Жылдық номиналды сыйақы жарнасы – 7%;
- Бастапқы жарна – баспана құнының 20 пайызы;
- Шектік мерзім – 20 жыл.
Сондай-ақ, баспананың шектік бағасы әр өңірде әртүрлі:
Астана, Алматы, Ақтау, Атырау – 25 млн теңгеге дейін;
Өзге өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін;
Ипотеканы алушы мына талаптарға сай болуы керек:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы;
- Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
- Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
- Ипотекалық кредиттерінің болмауы.
"7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотекалық заемдарды екінші деңгейлі банктерден ала аласыз.
А. Жапатова