Қазақстанда 63 жастан асқан қанша студент бар?

Қазақстанның жоғары оқу орындарында 63 жастан асқан ондаған студент білім алып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2025 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 63 жастан асқан 67 адам оқып жатыр, олардың 11-і мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында білім алып жүр. Соның ішінде 63 жаста 9 адам оқиды, олардың 2-уі - мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен", - деп хабарлады Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті.

Оның ішінде, 36 адам бакалавриатта, 23 адам магистратурада, 8 адам докторантурада оқып жүр.

"Мәселен, Ясауи атындағы Халықаралық университетте Түркия азаматы Қадрие Ышыклы оқиды. Ыстамбұл қаласының 69 жастағы тұрғыны университет тарихындағы ең жасы үлкен студент атанды", - деді комитет өкілдері.

Ведомство дерегінше, 63 жастан асқан студенттердің арасында медицина, фармация, психология, лингвистика және басқа да мамандықтар бойынша оқып жатқан азаматтар бар.

Былтырғы статистика қандай?

Комитет 2023–2024 жылдарға қатысты деректерді де ұсынды.

2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 63 жастан асқан 39 адам оқыған, олардың 4-уі мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған. 63 жаста 3 адам оқыған, бірақ олардың ешқайсысы мемлекеттік тапсырыс есебінен оқымаған.

2024 жылы 63 жастан асқан білім алушылар саны 67 адамға дейін өскен. Олардың 8-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған. 63 жаста 14 адам білім алған, соның 1-уі - мемлекеттік тапсырыс есебінен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!