Қазақстанда 60-қа жуық мектеп апатты күйде. Министрлік не дейді?

Қазақстанда 60-қа жуық мектеп апатты күйде. Министрлік не дейді?
Фото: Талды ауылындағы апатты мектеп

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, елімізде 57 мектеп апатты деп танылған. Ең сорақысы, онда балалар білім алып жүр. Елімізде жағдайы мүшкіл қанша мектеп бар? Онда қанша бала оқиды? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

Редакция бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады. 

"Қазір елімізде 57 апатты мектеп бар, оның көбі Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында орналасқан. Апатты, үш ауысымды мектептерді, сондай-ақ, оқушылар орнының тапшылығын жою үшін елімізде арнайы бағдарламалар мен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 1 қыркүйекте елімізде 90 мыңға жуық орны бар 70 жаңа мектеп ашылды. Сондай-ақ, 2024-2025 оқу жылында 217 нысанның құрылысы жүргізілмек", - делінген жауапта. 

Мұнда қанша оқушы бар? Мектепке қандай жөндеу жұмыстары жүргізіледі? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарды  құзырлы ведомствоға жолдады. Алайда жауап көңіл көншітпеді. Ведомство апатты мектептерде балалардың оқып-оқымайтыны туралы нақты жауап берген жоқ. 

Министрлік мәліметінше, 2023-2024 оқу жылында өңірлерде 137 мың оқушы орыны бар 165 мектеп ашылды, бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік берді.  

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Талды ауылында балалар апатты мектепте оқып жүргенін жазған едік. Бұл туралы білім ордасында жұмыс істейтін тұрғын айтты. Жаңа мектептің құрылысы біраз уақыт тұралап қалған.

Ауыл округінің әкімі бұл мәселеге қатысты пікір білдірген еді. 

"23 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ тоқтап қалды да, енді қайта жанданып жатыр. Жұмыстар істеліп жатыр. Іргетас салуы, жердің отыруына байланысты тежелді", - деді Қасым Аманжолов атындағы ауыл округінің әкімі Ербол Жоламан.

Massaget.kz тілшісі апатты мектептерге қатысты мәселені жіті бақылауында ұстайды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек