Қазақстанда 59 мыңнан 103 мың теңгеге дейінгі төлемді кімдер ала алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы ақпарат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2024 жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 577,2 мың отбасы жалпы сомасы 431,9 миллиард теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде қараша айында 591,2 мың отбасыға 42,2 миллиард теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді", - делінген хабарламада.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай сараланып есептеледі және 2024 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға - 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
  • 5 балаға - 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
  • 6 балаға - 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
  • 7 балаға - 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға - әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7 пайызға артқанын атап өтеміз.

Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 472,9 миллиард теңге қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!