Қазақстанда 43 жыл бұрынғы ауа температурасы рекорды жаңарды

Қазақстанда 43 жыл бұрынғы ауа температурасы рекорды жаңарды
Фото: depositphotos.com

2025 жылғы маусымда Қазақстанның көп бөлігінде аптап болды. Қазгидромет мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасының орташа мәні климаттық нормадан 1–3,5 градусқа жоғары болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Рекордтар

Елдегі температуралық фонның жоғары болуына Батыс Азиядан жылы ауа массаларының келуі себеп болды. Маусымның екінші онкүндігі ерекше ыстық болып, көптеген температуралық рекордтар тіркелді.

Мәселен, 6 маусымда Таразда ауа температурасы +37,4 градусқа жетіп, 2023 жылғы бұрынғы рекордтан (+36,0 градус) асып түсті. Балқашта 12 маусымда +34 градус тіркелді, бұл 1982 жылғы +32,5 градус рекордынан жоғары.

16–19 маусым аралығында келесі қалаларда рекордтар жаңарды:

  • 16 маусым, Жезқазған – +38,4 градус (1988 жылғы рекорд – +38,3 градус)
  • 17 маусым, Шымкент – +38,7 градус (2023 жылғы – +37,5 градус)
  • 18 маусым:
  • - Жезқазған – +42,4 градус (1988 жылғы – +41,1 градус)
    - Шымкент – +40,6 градус (2023 жылғы – +39,1 градус)
    - Түркістан – +42,8 градус (1988 жылғы – +42,6 градус)
    - Алматы – +35,7 градус (2005 жылғы – +35,0 градус)
    - 19 маусым, Семей – +38,1 градус (2023 жылғы – +37,2 градус)

Кейінірек, 24 маусымда Шымкентте +39,4 градус тіркеліп, 1984 жылғы +39,2 градус рекордынан асты. 29 маусымда Алматыда температура +36,6 градусқа жетіп, 2022 жылғы +35,5 градус рекордын жаңартты.

Астанада маусымдағы орташа температура +21,4 градус болды (норма +19,6 градус). Ең жоғары температура 18 маусымда – +36,3 градус, ал ең төмені 9 маусымда – +9,4 градус тіркелді.

Жалпы жылы ауа райына қарамастан, кей өңірлерде температура айырмашылықтары байқалды. Қазақстанның батыс бөлігінде, әсіресе Маңғыстау облысында, температуралық режим негізінен нормаға сай немесе одан 1–1,7 градус төмен болды.

Жауын-шашын нормасы

Елдің солтүстігі мен батысында жауын-шашын мөлшері нормаға сай немесе нормадан жоғары болды. Мысалы, 7 маусымда Ақтөбе облысындағы Новоалексеевкада 50,3 миллиметр жауын-шашын түскен (норма – 32 мм).

Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашын тапшылығы байқалды, бірақ кей күндері қатты нөсер болды. Мәселен, 4 маусымда Алматы облысындағы Жаланаш ауылында 40,3 мм жауын-шашын түскен (айлық норма – 75 мм).

Астанада маусым айында 58 мм жауын-шашын жауып, бұл да нормадан (40 мм) жоғары болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан
Logotype Massaget