Қазақстанда 400-ге жуық тұрғынға қоғамдық орында адамдарға тиіскені үшін айыппұл салынды

Қазақстанда жыл басынан бері 400-ге жуық тұрғынға қоғамдық орында адамдарға тиіскені үшін айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жыл басынан бері көлік полицейлері елдегі әуе және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 6 421 азаматты жауапкершілікке тартты. Соның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 387 тұлға, оның 101-і заңсыз такси жүргізушісі бар.

Дәл осындай кейінгі оқиға 14 ақпанда болған. Астана станциясындағы желілік полиция басқармасына Қостанай – Алматы-1 бағытындағы пойыз жолаушысы шағымданған.

Оның айтуынша, елорданың теміржол вокзалынан шыға берісінде такси жүргізушілері мазасын алып тиіскен, ескертулерге құлақ аспаған, сондай-ақ балағат сөздер айтқан.

"Тексеру кезінде полицейлер 45, 48, 50 және 51 жастағы жеті азаматты анықтады, олардың біреуі бұған дейін адамдардың мазасын алып, тиіскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы 2-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 тг) мөлшерінде айыппұл салынды. 6 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 45 жастағы ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК (17 250 тг) мөлшерінде айыппұл салынды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, қоғамдық орындарда тиісіп, балағаттағаны үшін әкімшілік жаза қолданылып, кейін бұл тағы қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынады, ал ұсақ бұзақылыққа 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!