Қазақстанда 30 миллиард теңгеден аса залал өндірілмей қалғаны анықталды

Бас прокуратура кейінгі екі жылда қаралған қылмыстық істер бойынша мемлекетке жалпы сомасы 66,5 млрд теңге залал келгенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 30,1 млрд теңге өндірілмей қалған. Бұған себеп - уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекетке келтірілген залалды өндіру туралы талап қоюды бермеуі.

Прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 6 ұсыныс, 3 наразылық және 27 талап қоюды енгізген. Қабылданған шаралар нәтижесінде 651 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді. Залалдың қалған сомасын өндіру туралы талап қою қаралып жатыр.

"Соның бір мысалы - Қызылорда облысындағы іс. Екі азамат ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәлімет енгізу арқылы 63 көліктің техникалық құжаттарына өзгерістер енгізген. Салдарынан 16 көлік бойынша 115,3 млн теңгеге кеден төлемі, 63 көлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 460,6 млн теңге бюджетке түспеген. Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін уәкілетті орган сотқа жүгініп, 575,9 млн теңгені мемлекет пайдасына өндіруге қол жеткізді", - деп жазылған хабарламада. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!