Қазақстанда 30 миллиард теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсала жаздаған

Қазақстанда 30 миллиард теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсала жаздаған
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 30 миллиард теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуына жол бермеді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Агенттік құзыреті шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуына мониторингті жүзеге асырады.

Қазіргі сәтте жалпы сомасы 30 миллиард теңгеге бағаның көтерілуіне жол берілмеді. Жоба басталғаннан бері, шамамен, 171 миллиард теңге үнемделді (2020 жылдан бастап).

Негізінен, әртүрлі деңгейдегі әкімдіктер түрлі техника мен жабдықтарды, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын сатып алу кезінде бағаның көтерілуіне жол берді.

Мәселен, Көкшетау қаласында Құрылыс бөлімі 1,1 миллиард теңгеге қосалқы трансформатор станциясын сатып алуды жоспарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін, баға 896 миллион теңгеге дейін төмендетілді.

БҚО-да "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерваты өрт сөндіру (95 миллион) және жүк-жолаушылар автомашиналарын (әрқайсысы 26 миллион) 174 миллион теңгеге сатып алуды көздеді, олардың нақты құны 40 пайызға төмен (тиісінше 69 миллион және 18 миллион теңге). Автокөліктердің бағасы қайта қаралды, үнемделген сома – 50 миллион теңге.

Павлодар облысында Ақсу қаласында Құрылыс бөлімі жалпы сомасы 3,7 миллиард теңгеге 9 қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үй салуды жоспарлады. Бұл ретте, 2023 жылы қарашада ұқсас құрылым 1,1 миллиард теңгеге тұрғызылды. Бағаны қайта қарау нәтижелері бойынша құрылыстың жалпы құны 2 миллиард теңгеге дейін төмендетілді. 1,7 миллиард теңгеге жоғарылтуға жол берілмеді.

Алматы қаласында Білім басқармасы 25 қалалық мектеп үшін 1,9 миллиард теңгеге ас үй жабдықтарын жаңғырту бойынша көрсетілетін қызметтерді жоспарлады (бірлігінің бағасы 70-тен 79 миллион теңгеге дейін, нарықтық құны 20 миллион теңгені құрайды). Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін 23 мектеп бойынша сатып алу тоқтатылды, екі мектеп бойынша сатып алу нарықтық құны бойынша өткізілетін болады. Қалалық мәслихаттың шешімінен кейін 1,8 миллиард теңге мөлшеріндегі қалған сома бюджетке қайтарылатын болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина