Қазақстанда 28 түрлі анықтама жойылмақ

Қазақстанда 28 түрлі анықтама жойылмақ
Фото: vlast.kz

Қазақстанда 28 түрлі анықтаманы жою жоспарланып отыр. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация басқармасының төрайымы Әсемгүл Балташева хабарлады.

Мекенжай анықтамасымен бірге тағы мүлік анықтамасы, психо-, нарко- және туберкулезге қарсы диспансерлер беретін анықтамалар алынып тасталмақ.

"Елімізде мекенжай анықтамасын жою – жұмыстың басы ғана. Біз қазіргі уақытта дәл осындай 28 анықтаманы жоюды көздеп отырмыз. Яғни, тағы 28 анықтаманы алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті болмайды", - деді Әсемгүл Балташева елордада өтіп жатқан "Цифрлық күз" шарасында.

Осыған дейін мекенжай анықтамасы жойылатыны хабарланған еді.

"Азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді беру – ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің бірі. Жыл сайын халық құжат, жеңілдік, жәрдемақы және басқа да қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады. Азаматтар жұмысқа, мектепке, балабақшаға, емханаға, банкке және тағы басқа мекемелерге орналасу кезінде үнемі ХҚКО-на, мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр болады, кезекте көп уақытын жоғалтады", - деп хабарлады ІІМ.

Енді 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы толығымен жойылады. Азаматтар мекенжайының қайда екенін egov.kz порталынан біле алады.

Massaget