- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мобильді аударымдар
Қазақстанда 255 мың теңгеден асатын мобильді аударымдар бақылауда бола ма? Министр түсінік берді
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бүгін үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы мобильді аударымдарға қатысты бақылау мәселесіне түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер үкімет басшысына мобильді аударымдардың 255 мың теңгеден асқан сомасы үшін айыппұлдар енгізу туралы ұсыныс жайлы сұрады. Осы сұраққа жауап берген Дүйсенова, бұл норма әлі соңғы бекітуін таппағанын айтты.
"Бұл норма әлі толықтай мақұлданған жоқ. Қазір оны біздің сала мамандары қарап жатыр, тиісті мемлекеттік органдар жұмыс жасауда. Біз бұл мәселе бойынша өз пікірімізді Қаржы министрлігіне білдіретін боламыз. Біраз күту керек, себебі біздің жұмыс тобы осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты кеңесші топ жұмыс істеп, бірлескен пікір қалыптастырып жатыр. Алдын ала айта алмаймын, бірақ бұл мәселе әлі талқыланып жатыр", - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда мобильді аударымдарды 255 мың теңгеден асатын сомада бақылауға алу жоспары туралы хабарлаған еді. Сонымен қатар комитет аударымдарды тексеру критерийлері өзгеруі мүмкін екенін де атап өтті. Бұл өзгеріс қазір Ұлттық банкпен келісу сатысында тұр.
Комитеттің айтуынша, өзгерістерге сәйкес, егер бір азамат үш ай қатарынан әр айда 100-ден астам түрлі адамнан аударым алса және олардың жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 255 мың теңге) асса, онда бұл тексеруге жатуы мүмкін. Қазіргі уақытта банктер үш ай қатарынан 100-ден астам түрлі адамнан аударым алған Қазақстан азаматтары туралы мәліметті салық органдарына тапсыруға міндетті. Бұл жағдайлар азаматтың тіркелмеген кәсіпкерлік қызметпен айналысып, тауар немесе қызмет үшін төлем алуы мүмкін деген күдік туғызады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет