Қазақстанда 25 сотталушы түрме ішінен бизнес ашып алған

Қазақстанда 25 сотталушы түрме ішінен бизнес ашып алған
Фото: www.azattyq.org

Қазақстанда 25 сотталушы кәсіпкер ретінде тіркелді. Бас прокуратура қылмыстық-атқару жүйесін реформалауға қатысты жүргізілген шаралар жөнінде мәлімдеме жасады. 

"Сотталғандардың түзелу тиімділігін арттыруға "Түрмедегілерді жұмыспен қамту - 2017" жобасы ұсынымдарын іске асыру ықпалын тигізіп жатыр", − делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылы колонияларға 133 кәсіпкерді тартуға мүмкіндік ашылып, олар 1865 сотталғанды жұмысқа орналастырды. Түрмедегілердің "Сотталғандарға арналған 100 кәсіп", "1000 бизнес-идея", "Бұрынғы сотталғандардың жетістікке жету оқиғалары" ақпараттық материалдарына қол жетімділігі қамтамасыз етілді.

"Алғаш рет жеке еңбек қызметі институты жұмыс істей бастады. 25 сотталған адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Олар колонияда үй жануарларын өсіреді, аяқ киім тігеді, сурет салады, сыйлықтар жасайды. Сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіші 51 пайыздан 55-ке дейін артып, олардың жәбірленушілерге қылмыстық жолмен келтірген 846,8 миллион теңге залалды өтеуіне жол ашылды. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Атап өту керек, қылмыстық жолмен келтірілген залалдарды өндіру сотталғандардың жеңіл жаза түріне ауысу мен мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуының негізгі шарты болып отыр", − деді Бас прокуратура өкілдері.

Бас прокуратура "түрмедегілердің санының" азайғандығын да хабарлады. Өткен жылы колониялардағы жаза өтеушілердің саны 17 пайызға төмендеген (47,5 мыңнан 39,8 мыңға дейін). Бұл Қазақстанның халықаралық түрме рейтингісіндегі позициясын жақсатып, 55 орынға көтерілуіне септігін тигізді.

Дереккөз: Tengrinews 

С. Ерсін