- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда 240 мыңнан...
Қазақстанда 240 мыңнан аса әйел жұмыссыз жүр
Сенатор Нұртөре Жүсіп елімізде 240 мыңнан аса жұмыссыз әйел барын айтып, қолдау орталықтарын құруды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
"Бүгінде елімізде 452 669 адам жұмыссыз болса, олардың 242 173-і әйелдер екен. Яғни жұмыссыздардың тең жартысы – әйелдер қауымы. Бұл дерек Үкіметті ойландыры ма?", - деді Нұртөре Жүсіп.
Депутат елордада ашылған аналарды қолдау орталығын мысалға келтірді.
"Жақында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен бірге Астанадағы әйелдерге білім, ақпараттық консультация беруге арналған "Бақытты отбасы" орталығында болдық. Орталық 2021 жылы өмірде қиын жағдайға тап болған жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және ерекше баланы тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету үшін құрылған. Қазір онда әртүрлі кәсіп бойынша 20-дан аса курс ұйымдастырылды. Мысалы, дизайн, модельдеу, тігін тігу, кестелеу, құрақ құрау, киіз басу, текемет, кілем, алаша тоқу, аспаздық, кондитерлік, бухгалтерлік және компьютерлік дағдыларды үйрету және тағы басқа. Санамаланған дағдылардың әрқайсысы жеке кәсіпке негіз болатын салалар. Бүгінге дейін 2,5 мың әйел осы сала бойынша білім алса, олардың олардың 80 пайызы жеке кәсібін ашып, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды жеңіп алған", - деді сенатор.
Нұртөре Жүсіп осындай орталықтарды басқа өңірлерді ашуды ұсынды.
"Әйгілі Маргера Тэтчердің "Істі талқылағыңыз келсе ер адамға, жүзеге асырғыңыз келсе, әйелге барыңыз" деген сөзі бар. Осы сөз қазақтың қазіргі іскер қыздарына қарата айтылғандай көрінеді.
Құрметті премьер-министр, осындай үлгідегі орталықтарды, әсіресе, облыс орталықтарында көптеп ашуға қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүмкіндігіңіз бар ма? Осы үлгідегі орталықтардың өнімдерін нарыққа шығаруға, қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жүйелі тапсырыстар арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бола ма?",- деді депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен