Қазақстанда 2026 жылы пәтер бағасы өсе ме?

Қазақстанда 2026 жылы тұрғын үй бағасы өзгере ме? Бұл сұраққа Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, инфляция жоғары болса, әр шаршы метр қымбаттайды. Ал инфляциялық қысым төмендейтін болса, нарықтағы динамика анағұрлым баяу болады.

"Менің ойымша, келер жыл 2025 және 2024 жылдардағыдай өтеді. Жалпы инфляция деңгейі жоғары болса, жылжымайтын мүлік бағасы өседі. Бірақ кепілдік пәтерлеріміз бойынша баға қатты өскенін байқамадық. Негізінде нарық тыныш. Кейбір сарапшылар оны стагнацияда деп есептейді. Әсіресе, бұл екінші реттік тұрғын үй нарығына қатысты. Жасалатын мәміле көп емес, ипотека өте қымбат, ал әр мәміле саудаласумен және жеңілдікпен жасалып жатыр", - деді Ибрагимова Мәжіліс кулуарында.

Отбасы банкінің басшысы қазір баспана алуды ойланып жүрген азаматтарға кеңес берді. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл бірінші баспана болса және отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатса, қазір сатып алғаны жөн.

Ал сатып алу инвестиция мақсатында, яғни кейін қайта сату үшін қарастырылса, онда басқа қаржы құралдарына - бағалы қағаздарға немесе жоғары мөлшерлемелі депозиттерге назар аударуға кеңес берілді. Өйткені, оның пікірінше, болашақта тұрғын үй бағасы күрт өспеуі мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!