Қазақстанда 2026 жылы тұрғын үй бағасы өзгере ме? Бұл сұраққа Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, егер инфляция жоғары болса, әр шаршы метрдің қымбаттайды. Ал инфляциялық қысым төмендейтін болса, нарықтағы динамика анағұрлым баяу болады.
"Менің ойымша, келер жыл 2025 және 2024 жылдардағыдай өтеді. Егер жалпы инфляция деңгейі жоғары болса, жылжымайтын мүлік бағасы өседі. Бірақ біз кепілдік пәтерлеріміз бойынша бағаның қатты өскенін байқамадық. Негізінде нарық тыныш. Кейбір сарапшылар оны стагнацияда деп есептейді. Әсіресе, екінші реттік тұрғын үй нарығына қатысты. Жасалатын мәміле көп емес, ипотека өте қымбат, ал әр мәміле саудаласумен және жеңілдікпен жасалып жатыр", - деді Ибрагимова Мәжіліс кулуарында.
Отбасы банкінің басшысы қазір баспана алуды ойланып жүрген қазақстандықтарға кеңес берді. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, егер бұл бірінші баспана болса және отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатса, қазір сатып алған жөн.
Ал егер сатып алу инвестиция мақсатында, яғни кейін қайта сату үшін қарастырылса, онда Ибрагимова басқа қаржы құралдарына - бағалы қағаздарға немесе жоғары мөлшерлемелі депозиттерге назар аударуға кеңес береді, өйткені оның пікірінше, болашақта тұрғын үй бағасының күрт өспеуі мүмкін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!