Қазақстанда 2019 жылдан бері не өзгерді?

Қазақстанда 2019 жылдан бері не өзгерді?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда 2019 жылдан бері не өзгергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5 пайыз болған.

"Еліміздің ішкі жалпы өнімі 288 миллиард долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға жуық артып, 14 мың доллардан асты. Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 миллиард доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 триллион теңгеден асты", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен аса, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынғанын мәлімдеді.

"Осы уақытта 500-ден аса мектеп бой көтерді. Көптеген денсаулық сақтау, спорт және басқа да әлеуметтік нысан ашылды. 4400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың IV отырысы биыл Бурабайда өтті. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті:

  • І Ұлттық құрылтай 2022 жылы Ұлытау облысында өтті.
  • ІІ Ұлттық құрылтай 2023 жылы Түркістан қаласында өтті.
  • ІІІ Ұлттық құрылтай 2024 жылы Атырауда өтті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова