ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары Әйгерім Оспанова қызылшадан қайтыс болған 2 сәбидің өліміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылы желтоқсанда 2 бала қызылшадан көз жұмған еді.
"Бірінші жағдай Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Онда сәби 6 айлық болған. Ата-ана баласын ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Бірақ кейін сәбиді ауруханаға жатқызғанда, оның ауруы асқынып, жағдайы нашарлады. Өкінішке қарай, сәби қайтыс болды. Сараптама жүргізілді. Клиникалық және патологиялық зерттеудің қорытындысы өлім қызылшадан болғанын көрсетті. Екінші жағдайда сәби 4 айлық болды. Бала ауруханаға ауыр жағдайда түсті. Сараптама тағайындалып, диагноз расталды. Шығыс Қазақстандағы сәбидің анасы да екпе алмаған. Ол баласын емізген. Екінші сәби емізікпен тамақ ішкен", - деді директордың орынбасары ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 800 мыңға жуық бала екпе салдырмағаны хабарланды.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!