Қазақстанда жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаны Ақтөбе облысында іске асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Жаңа кәсіпорын ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етуге және Орталық Азия елдеріне отын жеткізуге бағытталады. Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асыруға шамамен екі жыл қажет.
Ерлан Ақкенженов қазір отын жеткізуде іркілістер бар екенін айтып, Қазақстанның ресурстық мүмкіндігі көрші мемлекеттерді де қамтамасыз етуге жететінін атап өтті.
Сонымен қатар еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының жалпы қуатын жылына 18 миллион тоннадан 27,7 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Өндірілетін отын "Еуро-5" экологиялық стандартына сәйкес болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанда тағы бір ірі мұнай өңдеу зауытын салу көзделіп отыр. Қазір болашақ кәсіпорынның орналасатын жері таңдалып жатыр. Алайда түпкілікті шешімнің қашан қабылданатыны әзірге белгісіз.
Бұған дейін Энергетика министрлігі жаңа ірі зауыттың алғашқы кезеңдегі қуаты жылына 10 миллион тоннаға жетуі мүмкін екенін хабарлаған еді.
О. Сансызбай