Онлайн-платформалар және масс-медиа туралы жаңа заң күшіне енгенге дейін ашылған 16 жасқа толмаған балалардың парақшалары өшіріледі. Бұл туралы журналистердің сұрағына жауап берген Құрылтай депутаты Александр Данилов мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ретте өтпелі кезең мерзімі мен жою тәртібі әлі анықталған жоқ. Данилов бұл тетіктер жұмыс тобында талқыланып жатқанын айтты. Депутат аккаунттарды жоюды қарастырылған шаралардың ішіндегі ең қатаңы деп атады.
"Біздің ұстанымымыз - өтпелі кезең мен заңды енгізу процесін барынша біртіндеп, айтарлықтай қиындықтар тудырмайтындай етіп жүзеге асыру", - деп түсіндірді ол.
Бұрын ашылған аккаунттарға не болады?
Заң жобасында 16 жасқа толмаған балаларға онлайн-платформаларда тіркелуге тыйым салу ұсынылған. Мессенджерлер үшін ерекше жағдай қарастырылған. Алайда қарауға ұсынылған құжат мәтінінде норма күшіне енгенге дейін ашылған аккаунттарды жою тәртібі бөлек жазылмаған. Данилов оларды жою жоспарланып отырғанын растады, бірақ оның айтуынша, нақты ережелер әлі әзірленуі тиіс.
"Әрине, егер заңға сәйкес мұндай парақшалардың сақталуына рұқсат етілмесе, олар өшіріледі. Бұл – ең қатаң шара (...) Қазіргі уақытта жұмыс тобы аясында заң күшіне енгеннен кейін оның қалай қолданылатынына қатысты тетіктерді әзірлеп жатырмыз", – деді ол.
Егер жасөспірім аккаунты жойылғаннан кейін басқа жасты көрсетіп, жаңа профиль ашса, қандай шара қолданылатыны да әзірге белгісіз. Депутаттың сөзінше, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі телефон нөмірін немесе құрылғыны пайдаланушыға бекіту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Жас мөлшері қалай тексерілуі мүмкін?
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин министрлік бірнеше шараны пысықтап жатқанын айтқан болатын. Олардың қатарында жасты растауға арналған цифрлық токен және eGov сервисі бар, онда ата-ана нөмірді бала пайдаланатынын көрсете алады.
Сондай-ақ құрылғыны нақты бір балаға бекіту және қоғамдық орындарда, ең алдымен мектептерде трафикті сүзгіден өткізу мәселесі талқыланып жатыр. Коняшкин бір ғана әдіс толық нәтижеге кепілдік бермейтінін, сондықтан билік кешенді шараларды қолдануға сүйенетінін атап өтті.
Александр Данилов өтпелі кезең мерзімін әлі де шешілмеген мәселе деп атады. Оның айтуынша, тетіктер бірінші оқылымнан кейін де талқылана береді, ал нақты ережелер заң жобасының екінші оқылымына қарай пысықталады деп жоспарланып отыр.
Бүгін Құрылтай заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады. Алда тағы екі оқылым бар, сондықтан оның нормалары өзгеруі мүмкін.
О. Сансызбай