Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін

Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжатта 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылған. Мессенджерлер үшін ерекше жағдай қарастырылмақ, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Платформа иелері мен өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттелмек. Тексеру тәртібін уәкілетті орган цифрландыру және дербес деректерді қорғау саласындағы органдармен бірлесіп айқындайды.

«Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, соның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады», — деді Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында.

Министр бұл тыйым адамдардың өзара сөйлесуіне, сондай-ақ ата-аналармен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайтынын атап өтті.

Заң жобасындағы норма нақты онлайн-платформаларда тіркелуге қатысты. Пайдаланушылардың жасы қалай расталатыны және 16 жасқа толмаған балалардың бұрын ашылған аккаунттарына не болатыны бұл нормада нақтыланбаған.

Заң жобасы әзірге қаралып жатыр. Қабылданған жағдайда заң алғаш ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енуі тиіс.

Балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу мәселесі 2025 жылдың соңынан бері талқыланып келеді. Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрлігі мессенджерлерді қоспағанда, 16 жасқа толмаған балаларға аккаунт ашуға тыйым салуды көздейтін заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарған.